Ең үздік мешіт жобасына конкурс жарияланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Исландия мұсылмандары ассоциациясы елдегі Архитекторлар ассоциациясымен бірлесе отырып, ең үздік мешіт жобасына конкурс жариялады, деп хабарлады www.muslim.kz.
Мұндағы ерекшелік - мешіт ғимараты ислам дінін өте жоғары деңгейде көрсете алатындай болуы шарт. Құлшылық үйіне Исландия астанасы Рейкьявиктің халық көп шоғырланған орталығы маңынан жер бөлініп отыр.
Рейкьявиктегі үздік мешіт конкурсына аталмыш шарттарға жауап бере алатын барша архитекторлар қатыса алады.
Ал бәйге қоры 5 000 000 исландық кронға бағаланып отыр. Соның ішінде бас жеңімпазға осы соманың кемі тең жартысы беріледі. Айта кетейік, мешіт жобалары Исландия архитекторлар қоғамдастығы филиалында осы жылдың 26 мамырына дейін қабылданады.