«Ең үздік жаңажылдық безендіру» байқауының сыйақысы оқуларының ақысын өтеу үшін студенттерге беріледі - ректор А.Бұлашев

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Университет ректоры Айтбай Бұлашевтың айтуынша, аталмыш сома қаржылық қиындықтарға байланысты оқу ақысын өтей алмай жүрген - әлеуметтік жағынан әлсіз және көпбалалы отбасылардан шыққан студенттердің университет алдындағы «борыштарын» өтеуге жұмсалатын болады.
Осылай, шамамен 25 студент қаржылық көмек алады деп жоспарлануда. Сонымен бірге, жарты жылдың қорытындысы бойынша оқу ақысын төлей алмай күндізгі бөлімнен сырттай бөлімге ауысқан студенттерді де, бір жылдық оқуларының ақысын төлеп беру арқылы бұрынғы оқуларына қайта шақыртып алу жұмыстары жүргізілуде.
Ал іріктеу, қалыптасқандай тек үздік студенттердің арасында ғана жүргізілмейді. Өйткені, ректордың айтуынша, орта білімді студенттердің арасында да университеттің қоғамдық өміріне белсенді араласып жүргендері көп.
Сондай-ақ А.Бұлашев, жаһандық қаржы дағдарысына байланысты болжанғандай, оқу ақысын төлей алмайтын жастардың саны еш артпағанын атап өтті. Елбасының тапсырмасымен беріле бастаған жеңілдетілген несиелерді алуға мүмкіндігі бар 177 студенттің 101-інің несиеден бас тартуы - соның бір дәлелі деп біледі.
«Бұл үрдіске сондай-ақ, үстіміздегі жылы еліміз жоғары оқу орындарының студенттеріне қосымша тағайындалған 11 мың гранттың тигізген септігі де мол. ҚазАТУ студенттері бұл гранттың 312-сін иеленіп, республика бойынша екінші орынды иеленді. Іріктеу оқу үздіктерінің арасында жүргізілгенін ескерсек, бұл ең алдымен - білім сапасының белгісі», - деп атап өтті ол.
Естеріңізге сала кетейік, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Астана қаласының әкімдігі елордадағы мекемелер мен бизнес субъектілерінің арасында өткізген «Ең үздік жаңажылдық безендіру» байқауында бас жүлдені иеленген болатын. Жүлденің марапаты - «Бәйтерек» мүсіншесін оқу орнының ректорына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев желтоқсанның 25-і күні Тәуелсіздік сарайында өткен Жаңажылдық кеште салтанатты түрде табыс еткен еді.