Еңбегімен еленген қызылордалық ұстаздар ақшалай марапатталды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- Қызылордада А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде Ұстаздар мерекесіне орай салтанатты шара өтті, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
Қала әкімі Н.Нәлібаев барлық ұстаздар қауымын және сала ардагерлерін мерекелерімен құттықтап, шаһар бойынша білім саласындағы жетістіктерге кеңінен тоқталды.
«Қазақылықтың қайнары, Алаштың - Анасы атанған аймақтың бұл бас қаласы - Қызылорда - кешегі алаш қайраткерлері мен ұлт зиялыларының басын қосқан киелі мекен. Қазақ тарихындағы талай бастамалар мен тың жаңалықтардың қасиетті Ордасы. Біз осы абыройлы жолдан жаңылмай, алдағы уақытта да ел мүддесі үшін қызмет етер, басқа аймақтарға ұлттық болмысы және қазақылығымен үлгі боларлықтай ұрпақты тәрбиелеуіміз керек. Бұл жолда ұстаздар қауымының еңбегі мен алар орны ерекше», - деді қала басшысы.
Н.Нәлібаев атап өткендей, бүгінгі шәкірт - ертеңгі ұлт болашағы. Болашақты тәрбиелеу бүгіннен басталады десек, шәкірт жүрегінде қайырымдылықты, сезімнің нәзіктігі мен сұлулығын ояту, ішкі жан дүниені басқара білуге үйрету, социумға табысты сіңісіп кетуіне көмектесу - мұғалімнің маңызды міндеті.
«Конфуцийдің сөзімен айтқанда, мұғалім ескіні аялай отырып, жаңаға жетуге тиіс. Сондықтан, Ұстаз ұғымын ұлықтап, қадірі мен қасиетін құрметтеу - баршаға парыз. Ал олардың жағдайын жасап, жақсылығын асыру - міндет. Ендеше, Мұғалімдер күні - дәрежесі биік, ең ұлық та ұлағатты мереке» - деді қала әкімі Н.Нәлібаев
Салтанатты шарада, бірқатар ұстаздар ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің, «Нұр Отан» партиясының Алғыс хаттарымен марапатталса, білім саласында еңбегімен еленген 10 мұғалімге 100 мың теңге сыйақы және Алғыс хаттар табысталды.