Еңбек ардагері, ҚХА мүшесі Моисей Чжен 84 жасқа қараған шағында дүниеден озды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін 84 жасқа қараған шағында еңбек ардагері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Көкшетау қаласындағы «Корей этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, қоғам қайраткері және жаны жайсаң абзал азамат Моисей Алексеевич Чжен өмірден өтті.
Моисей Чжен 1931 жылдың 3 қыркүйегінде Қиыр Шығыс өлкесінің Ворошилов ауданындағы Кроуновка селосында дүниеге келді. Соғыс жылдары 10 жасынан бастап еңбекке араласты. Бейбіт өмірде агроном, бас агроном, МТС директоры болып қызмет істеді. Солтүстік Қазақстан өңірінде корейлер арасында бірінші болып Кеңес әскері қатарына шақырылды. Екі жылдық әскери училищені бітірді. Алайда ол ауыл шаруашылығы маманы ретінде тың және тыңайған жерлерді игеруге жіберілді. Одан кейін Келлер аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Алматыдағы жоғары партия мектебін бітірген соң Қызыл ту аудандық партия комитетінің хатшысы болып істеді. Петропавл ауыл шаруашылығы техникумын тәмамдап, Чистополь аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына жетекшілік етті. Моисей Чжен облыстық партия комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болды, ал 1970 жылдан бастап Көкшетау облыстық атқару комитетінің ауыл шаруашылығы басқармасына басшылық жасады. 1985 жылдан кәсіподақтар облыстық кеңесінің төрағасы, соңғы жылдары зейнеткерлікке шыққанға дейін Көкшетау облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып абыройлы қызмет атқарды. Экономика ғылымдарының кандидаты атағы бар. Ол облыстық кеңес депутаты, Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланды. 1990 жылдан бастап Көкшетау облыстық корей қоғамы басқармасының мүшесі. 1994 жылдан бері «Қазақстан корей қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі Көкшетау филиалына басшылық жасаған Моисей Алексеевич корей халқының мәдениеті мен озық дәстүрлерін қайта жаңғыртуға, Қазақстан халықтарының бірлігі мен достығын нығайтуға сүбелі үлес қосты. Осы жылдары жексенбілік мектеп ашылып, онда корей тілі оқытылды. «Қазақстан корей қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігімен тығыз ынтымақты байланыс орнатты. 1995 жылдан Қазақстан халқы Ассамблеясының және Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының мүшесі. Ұлтаралық келісімді және түрлі халықтар арасындағы достықты нығайту жолында белсенділік танытқан Моисей Алексеевич Ақмола облысында ғана емес, алыс және жақын шет елдерде де зор бедел мен құрметке бөленді.
Моисей Алексеевич Чженнің қажырлы еңбегі Үкімет тарапынан лайықты бағасын алды. Ол «Қазан төңкерісі», «Еңбек Қызыл Ту»(үш мәрте), «Халықтар достығы» және «Құрмет белгісі» ордендерімен және «Тың жерлерді игергені үшін», «Қазақстан Конституциясына - 10 жыл», «Шапағат», «Бірлік» медальдарымен марапатталды. Бар саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласын дамытуға арнап, халықтар арасындағы достық пен татулықты кеңінен насихаттауға сүбелі үлес қосқан Моисей Алексеевич Чженнің жарқын бейнесі оны білетіндердің жүрегінде ұзақ уақыт сақталады.