«Еңбек» бағдарламасы: Семейде 218 адамға жеке кәсібін дамыту үшін грант берілді

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында «Еңбек» бағдарламасына 3409 адам қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еңбек» бағдарламасы: Семейде 218 адамға жеке кәсібін дамыту үшін грант берілді

Бұл туралы қалалық Ақпарат орталығында өткен баспасөз конференциясы барысында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айдар Самаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде 227 адам қажетті мамандықтар бойынша қысқа мерзімді оқу оқыды. Бұл курстар 9 оқу орнында 9 мамандық бойынша жүргізілуде: слесарь-сантехник, кран машинисі, тракторшы, туризм менеджері, тігінші, аспаз, кондитер, наубайшы, дәнекерлеуші.

«Бағдарламаның екінші бағыты – бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту. Осының аясында 218 адамға жеке кәсібін дамыту үшін 121 млн теңге мөлшерінде грант берілді. Грант ірі қара өсіру, кондитерлік өнімдерді дайындау, тігіншілікпен айналысу және тағы да басқа жобаларды жүзеге асыру үшін тағайындалған», - деді Айдар Самаев.

Үшінші бағыт – халықты жұмыспен қамту және еңбек ресурстарын жұмылдыру арқылы еңбек нарығын дамыту. Аталған бағыт шеңберінде тұрақты жұмыс орындарына 833 адам орналастырылған. Жұмыссыз жастар уақытша жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға тартылды.