«Еңбек» бағдарламасы: ШҚО-да кәсіп ашқысы келгендерге 677 млн теңге бөлінеді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 677 миллион теңгеге гранттар бөлінеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еңбек» бағдарламасы: ШҚО-да кәсіп ашқысы келгендерге 677 млн теңге бөлінеді

Бұл туралы ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Сұлтанова онлайн форматта өткен облыс аппаратының жиналысында мәлім етті. Жалпы биыл аталған бағдарлама аясында 1160 грант бөлу жоспарланып отыр. Оның ішінде аз қамтылған және көпбалалы отбасылар да бар. Бір гранттың мөлшері 200 АЕК, яғни 583,4 мың теңгені құрайды.

«2021 жылғы 10 наурыздағы жағдай бойынша жалпы сомасы 39 млн теңге көлемінде 67 грант берілген. Оның ішінде көпбалалы отбасылар – 18, аз қамтылған жанұялар – 21 грант алды», - деді Айнұр Сұлтанова.

Жиын барысында ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев қалалар мен аудандарға гранттар беру жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Оның айтуынша, Өскемен, Семей, Риддер және Курчатов қалалары, Абай, Бородулиха, Жарма, Алтай, Шемонаиха аудандары көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға гранттар беру бағытындағы жұмыс қарқынын күшейтуі тиіс.

Айта кетейік, былтыр аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, қоныс аударған қандастарға, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздарға жалпы сомасы 1028 млн теңге мөлшерінде 1852 грант берілген. Бүгінде олар өз кәсіптерін ашып, табыс табуда.