«Еңбек» бағдарламасы: ШҚО-да колледж түлектерінің 90 пайызы жұмысқа орналасты
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында «Еңбек» бағдарламасы аясында колледж түлектерінің 90 пайызы жұмысқа орналасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, өңірде «Еңбек» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Мұндағы мақсат – кадрларды оқыту және даярлау, мамандарды несиелендіру, гранттар бөлу және жұмысқа орналастыру.
«Бірінші бағыт бойынша ірі кәсіпорындармен ынтымақтаса отырып құзыреттілік орталықтары ашылған. Осының нәтижесінде, колледж түлектерінің 90 пайызы жұмысқа орналастырылды. Несиелеуге қатысты айтар болсақ, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға төрт пайызбен несие берілуде. Өтеусіз гранттарды 2275 отбасы жеңіп алды», - деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.
Үшінші бағыт аясында әлеуметтік жұмыс орындары құрылып жатыр. Елдегі еңбек күші артық өңірлерден қоныс аудару жөніндегі «Оңтүстік-Солтүстік» республикалық бағдарламасы да іске асырылуда.
«Шығыс Қазақстанға 2017 жылдан бастап 3598 адам көшіп келді. Алайда өкінішке қарай, барлығы жұмыс күші қажет аудандарға қоныстанбады. Сондықтан мен қалалар мен аудандардың әкімдеріне қоныс аударған әрбір отбасы - қайда жұмыс істейтіні, қандай жағдайда тұратыны туралы егжей-тегжейлі есеп дайындауды тапсырдым», - деді облыс әкімі.