Еңбек демалысына шығу үдерісі бір адамға шаққанда 2,5 мың теңге көлемінде шығын келтіреді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік органда еңбек демалысына шығу үдерісі бір адамға шаққанда мемлекетке 2,5 мың теңге көлемінде қаржы жұмсауға алып келеді. Бұл туралы бүгін Астанада салықтық және кедендік әкімшілеуді жетілдіруге арналған «дөңгелек үстелде» ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер бойынша комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин мәлім етті.

Еңбек демалысына шығу үдерісі бір адамға шаққанда 2,5 мың теңге көлемінде шығын келтіреді

«Қызметкерлер өтініш жазып, кезекті еңбек демалысына шығып жатады. Шын мәнінде, бұл үдерістің өзіне қаржы жұмсалады. Атап айтқанда, мемлекеттік органда еңбек демалысына шығу үдерісі бір адамға шаққанда 2,5 мың теңге тұрады. Бұл бағытта үш жарым күн уақыт кетіп, 260-қа жуық операциялар жасалады. Яғни, осы орайда қалыпты қол қою, құжаттарды тиісті жеріне жеткізу шаралары қамтылған... Осы орайда қажет емес үдерістер байқалады», - деді Д. Ерғожин.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде комитет қызметтегі үдерістерді жақсарту тұрғысында тиісті жұмыстарды атқаруда.

«Қажет емес өте көп үдерістер пайдасы жоқ адамдардың қызметке келеуіне себепкер болады, ал қажет емес өте көп адамдар пайда болғанда олар өздеріне қажет емес жұмыстарды іздей бастайды. Нәтижесінде, біз бюрократиялық кедергілерге тап боламыз»,- деп түйді комитет басшысы.