Еңбек етуге қабілетті сотталғандардың 35 пайызы ғана жұмыспен қамтылған

АСТАНА. Шілденің 23-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елорда әкімдігінің ғимаратында Астана қалалық кәсіпкерлік және өндіріс басқармасының көмегімен ҚР Әділет министрлігінің Қылмыстық атқару жүйесі комитеті «Еңбек» мемлекеттік кәсіпорны филиалдарының өндірістік тауарлар көрмесі өтуде.

Еңбек етуге қабілетті сотталғандардың 35 пайызы ғана жұмыспен қамтылған

Елордада алғаш рет ұйымдастырылған көрмеге еліміздің түзеу мекемелерінде жазасын өтіп жатқан азаматтардың қолдарынан шыққан құрылыс материалдары, қосалқы жөндеу бөлшектері, металл бұйымдар, көше шамдары мен орындықтар, коммуналдық-тұрмыстық бұйымдар, балалар ойын алаңдарына қажетті жабдықтар, кеңсе жиһаздары, қызмет көрсету саласының киімдері, төсек жабындылары, қолөнер бұйымдары қойылған.

«Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан тапсырыс аздау болып отыр. Соған қарамастан біздің кәсіпорындар көптеген жұмыстар атқаруда. «Жол картасы» бойынша, сонымен қатар жергілікті ақтарушы органдардың көмегімен тапсырыстар алып жатырмыз», дейді Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Беделхан Ноғайбаев.

Іс-шараның негізгі мақсаты келушілерді түзеу мекемелері кәсіпорындарының өндіріс мүмкіндіктерімен таныстыру, өндірілген өнімге тапсырыс алу, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы сотталғандарды жұмыспен қамту деңгейін арттыру екендігін атап өткен ол «жыл сайын бізде 7 миллиард теңгеге жуық қаржының тауарлары шығады. Ал ағымдағы жылы бұл көрсеткішті 8 миллиардтан асырамыз деп жоспарлап отырмыз. Өйткені осындай көрмелердің арқасында жыл сайын тапсырыс көбейіп келе жатыр», дейді.

Оның атап өтуінше, бұндай көрмелер өткен жылы Өскеменде, Павлодарда, ағымдағы жылы Петропавл, Тараз, Шымкент қалаларында өткізілген.

Б.Ноғайбаевтың сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда еңбек етуге қабілетті сотталғандардың 35 пайызы ғана жұмыспен қамтылған. Олар мемлекеттік кәсіпорындармен қатар жеке фирмаларда, мекемелерде, түзеу орындарының шаруашылықтарында еңбек етуде.