Еңбек инспекторлары еліміздің 44 мың жұмысшысының жалақысын ала алмай отырғандығын анықтады
АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат - Еңбек инспекторлары еліміздің 44 мың жұмысшысының жалақысын ала алмай отырғандығын анықтады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.
Министрдің атап өтуінше, жыл басынан бері ведомствоның еңбек инспекторлары 650 ұйымның 44 мың жұмысшы алдындағы берешегі 3,7 млрд. теңгені құрап отырғандығын анықтаған. «Қаржы, Әділет министрліктерінің, Бас прокуратураның және облыс әкімдері жанындағы дағдарысқа қарсы штабтардың бірлескен жұмыстарының арқасында 35 мың жұмысшы алдындағы 2,7 млрд. теңге көлеміндегі қарыз жойылды», - деді ол. Т.Дүйсенованың айтуынша, 15 қарашадағы жағдай бойынша 83 кәсіпорынның жұмысшылар алдындағы қарызы 985 млн. теңгені құрайды.