Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Еңбек күші тапшы өңірлерге көшкен 3,4 мыңнан астам адам біржолғы субсидия алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда еңбек ресурстарына сұраныс жоғары өңірлерге ерікті түрде қоныс аударатын азаматтарды қолдау жалғасып жатыр. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.

Еңбек күші тапшы өңірлерге көшкен 3,4 мыңнан астам адамға мемлекеттік қолдау көрсетілді
Фото: Gov.kz

Министрліктің мәліметінше, 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша көшуге берілетін мемлекеттік біржолғы субсидияны 3 420 адам алған. Ал тұрғын үйді жалдау мен коммуналдық қызметтерге жұмсалған шығындарды өтеу 3 432 азаматқа тағайындалған.

— Биыл көшуге арналған біржолғы субсидия мөлшері — отбасының әрбір мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткішті (302 750 теңге). Бұдан бөлек, бағдарламаға қатысушыларға отбасы құрамына және қоныс аударатын елді мекенге байланысты тұрғын үйді жалдау мен коммуналдық қызметтер шығындарын өтеуге 64 875 теңгеден 129 750 теңгеге дейін өтемақы төленеді, — деп хабарлады ведомство.

Министрлік мемлекеттік қолдау шаралары өңіраралық еңбек ұтқырлығы бағдарламасы аясында қолданыстағы заңнамаға сәйкес көрсетілетінін атап өтті. Сондай-ақ ведомство бағдарламаға қатысушыларды мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз ету жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін кадр тапшы өңірлерге көшіп барғандарға баспана алуға 7 млн теңгеге дейін берілетінін жазған едік.