Еңбек министрі Алматыдағы сауда үйінде болды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Алматыдағы "Алмалы" сауда орталығында болды.
Бұл қаладағы мүмкіндігі шектеулі адамдарға қызмет етуге бейімделген орталықтардың бірі ретінде танымал.
Қала әкімінің орынбасары Юрий Ильин, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ербол Әліқұлов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрін "кедергісіз орта" принципімен жұмыс істеп келе жатқан сауда орталығының мүгедектерге қолжетімді нысандарымен таныстырды.
«Бізде арбаға таңылған адамдардың жүруіне жағдай жасалған пандустар, арнайы көлік тұрағы, арнайы әжетхана, арнайы лифт, дабыл тетігі бар. Мүмкіндігі шектеулі жандар есікті аша алмаған жағдайда дабыл тетігін баса алады. Осы тұрғыдан орталық қызметкерлері арнайы оқытудан өткен. Олар кез келген жағдайда көмекке әзір. Ал, нашар көретін адамдарға есіктердің жақтауында арнайы сәуле шашатын құрылғылар орнатылған" - деді сауда орталығының басшылығы.
Шара соңында Тамара Дүйсенова сауда орталығының жабдықталуын өте жоғары бағалап, осындай орталықтардың санын ұлғайту қажеттігін баса айтты.
Сонымен қатар, министр қаладағы мүгедектерді тасымалдауға арналған "Инватакси" көлігін көрді.
"Қазір қалада осындай 27 көлік қызмет етеді. Көліктер мүгедектерді тегін тасиды. Жыл сайын бюджеттен ақша бөлініп, тендерден ұтқан кәсіпорын осы жұмыспен айналысады. Инватакси паркін қаржыландыру жайлы мәселе көтеріліп жатыр. Келесі жылы қаржыландыру көлемі молаюы мүмкін" - деді қала әкімінің орынбасары Юрий Ильин.