Еңбек министрі әйелдер мен ерлердің зейнетке шығу жасын теңестіруді ұсынады

Министрдің айтуынша, Қазақстанда 1,8 млн. зейнеткердің 1 млн. 253 мыңы немесе 70 пайызы әйелдер болып отыр. «Алайда жеке зейнетақы шоттарының жалпы санындағы әйелдер үлесі 3,8 млн.-ды немесе 45 пайызын құрайды. Әйелдердің зейнетақы жинақтарының орташа көлемі ерлерге қарағанда 25 пайызға төмен. Әйелдердің зейнетақы жинақтарының аз болуы біріншіден, бала тууға қатысты демалыста бола отырып, зейнетақы жинақтау жүйесіне қатысу уақытының аз болуына байланысты. Екіншіден, олардың аз жинағы ерлермен салыстырғанда зейнетке ерте шығуларына байланысты болып отыр», - деді С. Әбденов. Сонымен қатар, министр еңбекақы төлеудегі гендерлік айырмашылыққа да тоқталып өтті. Оның айтуынша, соңғы 5 жылда әйелдердің орташа айлық жалақысының мөлшері ерлердің орташа айлық жалақысының 66-68 пайызына дейін құрайды. «Зейнетке шыққаннан кейінгі өмір сүру кезеңіне назар аударатын болсақ, әйелдер ерлерден ұзағырақ өмір сүреді. Бұдан бөлек, әйелдердің 17 пайыздан астамының зейнетақы жүйесінің ынтымақты жүйеге толық қатысу өтілі жоқ, ал 2018 жылдан бастап бұл барлық әйелдерді қамтиды. Демек, ынтымақты зейнетақының көлемі ең төменгі зейнетақыдан да төмен болады. Сонымен қатар, жүктілік бойынша және 1 жасқа дейін бала күтімі бойынша демалыста болған уақытында әйелдердің міндетті зейнетақы төлемдері бойынша шығындарын субсидиялау мәселесі қаралып жатыр», - деді министр.