Еңбек министрілігінің цифрландыру саласында 2019 жылдағы жоспары қандай
Вице-министр шараға қатысушыларға ведомствоның жобалары туралы кеңірек әңгімелеп, 2019 жылдың жоспары туралы да айтты.
«2018 жылы цифрландыру аясында Еңбектің электронды биржасы секілді жобалар іске қосылып, бұл бастама еліміздегі барлық вакансияларды біріктіргенін айта кету керек. Кейбір қызметтер проактивті сипат алды. Мәселен, жас аналар СМС хабарлама арқылы өтінім бермейтін сипатта жәрдемақы алу қызметіне қол жеткізді. Сонымен бірге, зейнетақы тағайындау секілді қызметтер композитті форматқа ие болды. Ал бұрын зейнетақы үшін әртүрлі жерде төрт өтініш жазуға тура келетін», - дейді ол.
Нариман Мұқышевтың айтуына қарағанда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметтері цифрландырудың арқасында едәуір жеңілдетіліп келеді. Мәселен, 2018 жылы 7,7 млн көрсетілген қызметтің 4,1 миллионы электронды форматта ұсынылған (60 пайызы). Осы жылы проактивті форматта 20,5 мың жәрдемақы берілген.
Зейнетақы тағайындау бойынша жаңартылған қызмет осы жылдың қазан айында іске қосылған болатын. Ендігі уақытта базалық әрі жинақ зейнетақысын тағайындау тек бір өтініш арқылы жүргізілетін болады.
«Сонымен қатар, биылғы жылдың 1 қарашасынан бастап enbek.kz - Еңбектің электронды биржасында кадрлық есебі ақпараттық жүйеге қосылмаған ұйымдармен еңбек келісімшартын тіркеу бойынша тегін сервис қосылды», - дейді вице-министр.
Нариман Мұқышев өз сөзінде атап өткендей, келесі жылы министрліктің жұмысын ашық түрде жариялап отыратын жобалар іске асырылады.
«Олардың бірі ретінде - мемлекеттік қызметтердің трекингін атауға болады. Аталмыш жүйе мемлекеттік қызметтің көрсетілу сатысын ғана емес, атқарушының кім екенін айқындап, мәселе туындай қалған жағдайда сигнал береді. Сонымен бірге, ведомство министрліктің қызметтері бойынша тәулік бойы қызмет көрсететін виртуалды кеңесшінің қызметін бастап береді», - дейді вице-министр.