Еңбек министрлігі арендалық баспананы жекешелендіру тәртібін әзірлеп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов арендалық баспананы жекешелендіру шарттары әр өңірде әр түрлі болуы мүмкін екенін айтты.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заң бойынша әлеуметтік аз қамтылған адамдардың 11 санаты бар. Елімізде соларды баспанамен қамтудың түрлі бағдарламасы бар. Оның ішінде сатып алу құқығынсыз және сатып алу құқығы бар арендалық баспана сияқты тетіктер көзделген.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен, «Отбасы банкпен» бірге осы арендалық баспананы жалдау иелерінің атына қаратудың бірнеше тетігін қарастырып жатырмыз. Бүгін сіздермен кездесуге дейін «Отбасы банктің» әлеуметтік аз қамтылған санаттарды баспанамен қамту механизмі таныстырылды. Оның ішінде арендалық баспанамен қамту және мемлекет тарапынан ондай баспананы субсидиялау мәселесі де бар. Бұл тетік үшжақты форматта пысықталып жатыр», - деді вице-министр БАҚ өкілдерімен өткен кездесуде.
Сондай-ақ, ол бұл шаруа әр өңірде әрқалай шешіліп жатқанын айтты.
«Жекешелендіру құқығынсыз берілген арендалық баспананы белгілі бір бағасын төлей отырып жекешелендіруге рұқсат беру туралы талап көп айтылып жүр. Ол үшін әуелі сатып алу бағасын бекіту керек. Ол әр өңірде әрқалай. Жастар мен өзге санаттарға жеке шарттар бар дегендей. Үш тарап осы шарттарды пысықтауымыз керек. Қандай бағамен, қандай тарифпен сатып алатынын анықтау қажет. Әзірше бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз», - деді Ербол Оспанов.