Еңбек министрлігі инклюзивті саясат тұжырымдамасын әзірлеуге кірісті

АСТАНА. KAZINFORM – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі инклюзивті саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеу жұмысына кірісті. Осыған орай бүгін аталған министрлікте үкіметтің емес ұйымдардың, мемлекеттік органдардың өкілдері кездесу өткізді.

Еңбек министрлігі
Фото: Kazinform

«Өткен жылдың желтоқсанында Президент «Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы» Жарлыққа қол қойды. Аталған жоспарға сәйкес, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне инклюзивті саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын жылдың соңына дейін әзірлеп, бекіту тапсырылды. Тұжырымдаманы әзірлеу мақсаты – мүгедектердің құқығын қамтамасыз ету, оларды тыныс-тіршіліктің барлық саласына әлеуметтік ықпалдастыру. Сондықтан да мемлекеттік органдармен бірге барлық ҮЕҰ-лермен проблемаларды талқылап, әрбір бағыт бойынша ұсыныстарды жинауды және олардың пікірлерін тұжырымдаманы әзірлеу барысында ескеруді жоспарлап отырмыз», - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова.

Вице-министр дерегінше, бүгінде елімізде мүгедектігі бар 725 мың адам бар. Олардың шамамен 400 мыңы жұмыс істеуге қабілетті жаста, 109 мыңы - балалар және 200 мыңға жуығы - зейнеткерлер. 

«ITeachMe» қоғамдық қорының жетекшісі Захира Бегалиева инклюзивті саясат тұжырымдамасы еліміз үшін аса маңызды стратегиялық құжат екенін айтады. 

«Инклюзия мүгедектігі бар тұлғаның туғаннан бүкіл өмір бойы ерекшелігін есепке алу дегенді білдіреді. Инклюзия Қазақстан азаматтарын қолдауға бағытталған барлық мемлекеттік бағдарламаға енгізілуі тиіс. Іс жүзінде адам денсаулығына немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан өзін толықтай көрсете алуы өте маңызды», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар