Еңбек министрлігі жұмыс берушілер тарапынан орын алатын заң бұзушылықтарды атады
АСТАНА. KAZINFORM – Еңбек заңнамасын бұзған жұмыс берушілерге 2,9 мыңнан астам әкімшілік айыппұл салынды. Бұл туралы Ақмәди Сарбасов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі айтты.
Орталық комуникациялар қызметіндегі брифингте вице-министр жыл басынан бері еңбек инспекторлары жұмыскерлердің құқықтарының сақталуына мемлекеттік бақылауды күшейткенін айтты.
«Жұмыс берушілерді тексеру және анықталған бұзушылықтар саны 8 пайызға артты. Еңбек заңнамасын бұзған жұмыс берушілерге 2,9 мыңнан астам әкімшілік айыппұл салынды. Жұмыс берушілер тарапынан негізгі бұзушылықтар - еңбек шарттарын жасаспау, заңсыз жұмыстан шығару, жалақыны уақтылы төлемеу бөлігінде жұмыскерлердің құқықтарын бұзу», - деді ол.
Ақмәди Сарбасовтің мәліметінше, осы жылдың басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 259 кәсіпорында 15 мыңға жуық жұмыскердің алдында 3,3 млрд теңге сомасында жалақы бойынша берешек анықтады. Қабылданған шаралардың арқасында 13,2 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды, оларға 2,6 млрд теңге төленді.