Еңбек министрлігі өз бетінше жұмыспен айналысушыларды есепке алудың жаңа әдістемесін әзірлеуде
АСТАНА. 25 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстанда өз бетінше жұмыспен айналысушыларды есепке алудың жаңа әдістемесі әзірленуде, деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов pm.kz сайтына берген сұхбатында.
«Біз Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің төрағалық етуімен өз бетінше жұмыспен айналысушы халықты есепке алу жөніндегі ұсынысты зерттейтін жұмыс тобын құрдық», - деді вице-министр.
Б.Нұрымбетовтың айтуынша, еліміздің экономикалық белсенді халқы құрылымында өз бетінше жұмыспен айналысушылардың үлесі 32 пайыз көлемінде екен. «Республикадағы өз бетінше жұмыспен айналысушы халықтың үлес салмағы айтарлықтай үлкен - ол экономикалық белсенді халықтың 32 пайызы құрайды, осылардың 71 пайызы негізінен ауылда тұратындар. өз бетінше жұмыспен айналысушылардың басым көпшілігі қандай да бір жұмыс түрімен шұғылданатындар, бірақ олар тіркелмеген, яғни зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесінен де, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен де тыс қалған, әрі салық та төлемейді», - деп қосты ол.
Сонымен қатар, бүгінгі күнгі ең бірінші кезектегі мәселе - өз бетінше жұмыспен айналысушы халықты заңды табыспен қамтамасыз ету, сөйтіп олардың барлық әлеуметтік жүйелерге қатысуына жол ашу.
Осыған байланысты екі жол бар: бірінші жол - өз бетінше жұмыспен айналысушы азаматтарды қайта оқытып, оларды жалдамалы жұмыскерлер қатарына қосу, екіншісі - «Жұмыспен қамту бағдарламасы-2020» арқылы аталған тұлғаларға шағын несие беріп, олардың өздерінің азғантай бизнестерін кеңейту немесе ашуларына мүмкіндік беріп, оны заңды әрі есепті ету.
«Өздерінің азғантай бизнестерімен айналысатын адамдарға салынатын салық режімін жеңілдетуге көшу шаралары қабылданып та қойылды, біз қазір жұмыс істейтін және жеке кәсіпкер ретінде тіркелген адамдардың есебін алудамыз», - деп атап өтті вице-министр.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы және ауылдық әкімдіктер құрылымдарымен бірлесіп, жерде жұмыс істейтін тұлғаларды санақтан өткізіп, олардың жеке кәсіпкер, болмаса жалдамалы жұмыскер ретінде тіркеу арқылы қызмет түрлерін есепке алу үшін қайта тіркеу жоспарлануда.
Еңбек министрлігінің ақпаратына қарағанда, олардың қалған бөлігі «Жұмыспен қамту бағдарламасы-2020» құралы түріндегі мемлекеттік қолдауға ие болатын категорияға жатқызылатын болады. Өз бетінше жұмыспен айналысушы халықты есепке алуға өңірлердегі Жұмыспен қамту Картасы көмекке келеді, олар жұмыссыздар қатарына қосылмайтын, өз бетінше жұмыспен айналысатын жұртшылықтың үлесін нақты көрсетіп бере алады.
Бүгінгі күні өз бетінше жұмыспен айналысушыларды есепке алу 21 мың үй шаруашылықтарын сұрау- статистика жолымен тексеру арқылы жүргізілуде. «ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша құрылған біздің жұмыс тобымыз белгіленген мерзім ішінде өз бетінше жұмыспен айналысушы жұртшылықты есепке алу жүйесін және оларды зерттеу әдістерін жасап бітіреді деп ойлаймыз», - деп қорытындылады сөзін Б.Нұрымбетов.