Еңбек нарығында қай мамандықтарға сұраныс жоғары

Грант конкурсы: түлектердің көбі қандай мамандықты таңдаған
Фото: видеодан кадр

АСТАНА. KAZINFORM - Қазір еліміздің еңбек нарығында қай мамандықтарға сұраныс жоғары? Бұл сұраққа ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігі жауап берді.

«Қазіргі кезде Enbek.kz платформасында (портал) 55 мыңға жуық бос жұмыс орны орналастырылған. Оның ішінде ең үлкен сұранысқа ие білім беру саласында - 8,9 мың адамды, біліктілікті талап етпейтін салаларда – 8,4 мың адамды, өндіріс саласында – 6,8 мың адамды, медицина саласында – 4,7 мың адамды құрады. Сондай-ақ жұмыс күшіне сұраныс cолтүстік өңірлерде 9,1 мың адамды, орталық және шығыс өңірлерде – 14,8 мың адамды, оңтүстік өңірлерде – 8,1 мың адамды, батыс өңірлерде – 7,8 мың адамды және мегополистік қалаларда 13,5 мың адамды құрап отыр», - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Аталған порталда 245 мың түйіндеме орналастырылған. Соның арасында cолтүстік өңірлерден 20,6 мың адамнан, орталық және шығыс өңірлерде – 38,7 мың адамнан, оңтүстік өңірлерде – 72 мың адамнан, батыс өңірлерде – 61,3 мың адамнан, ал мегополистік қалаларда 53 мың адамнан келіп түсті.

«Осы орайда бос жұмыс орындары мен түйіндемелердің санына қатысты теңгерімсіздік бар екені байқалып отыр. Сондықтан аталған портал жұмыс берушілер мен жұмыс іздеп жүргендер арасындағы ақпараттық алаң екенін ескере отырып, портал арқылы белсенді түрде өзара іс-қимыл жасап, тапшылық немесе жұмыссыздық мәселесін шешуге толық мүмкіндік бар», - делінген Еңбек министрлігі ақпаратында.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада қандай мамандықты тегін меңгеруге болатынын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram