Еңбек нарығындағы белсенді шараларды іске асыру жұмыссыздық ауқымын қысқартуға жол ашты

АСТАНА. Шілденің 27-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Еңбек нарығындағы белсенді шараларды іске асыру жұмыссыздық ауқымын қысқартуға жол ашты. Бұл туралы бүгін жартыжылдықтың қорытындысына арналған Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова айтты.

Еңбек нарығындағы белсенді шараларды іске асыру жұмыссыздық ауқымын қысқартуға жол ашты

Министрдің келтірген деректеріне қарағанда, ағымдағы жылдың басында жұмыссыздар саны 524 мың адам, жұмыссыздық деңгейі 6,3 пайыз болса, жылдың екінші тоқсанында жұмыссыздардың саны 504 мың адамға дейін, жұмыссыздық деңгейі 5,8 пайызға дейін қысқартылған.

«Жұмыссыздықты төмендету тиісінше экономикамен айналысатындардың қатарының өсуімен сипатталады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ағымдағы жылдың екінші тоқсанында жұмыспен қамтылған халықтың саны 213 мың адамға көбейіп, 8,1 миллион адамды құрады», - деді Г.Әбдіқалықова.

Министрдің сөзіне қарағанда, жыл басынан бері жұмыспен қамту органдарына жұмысқа орналасуға 260 мың адам өтініш білдірсе, оның ішінде төрттен үш бөлігі, яғни 196 мыңы жұмысқа орналастырылған.