Еңбек өнімділігі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы ең жоғары, Қызылорда облысы ең төменгі көрсеткішке ие - Ә. Исекешев

АСТАНА. 4 маусым. ҚазАқпарат -2011 жылдың қорытындысы бойынша еңбек өнімділігі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы ең жоғары, ал Қызылорда облысы ең төменгі көрсеткішке ие.

Еңбек өнімділігі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы ең жоғары, Қызылорда облысы ең төменгі көрсеткішке ие - Ә. Исекешев

Бұл туралы бүгін Мәжілісте «2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру барысы» тақырыбында өткен Үкімет сағаты барысында  Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев мәлім етті.

Министрдің айтуынша, 2010-2011 жылдары өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі еліміздің барлық өңірлерінде  өсім көрсеткішіне ие болды. Мәселен, осы өсім көрсеткіші Астана қаласында 2011 жылы 157,9 пайызды, Солтүстік Қазақстан облысында 149,6 пайызды және  Жамбыл облысында 146,7 пайызды құрады.

«Ал есепті кезеңнің қорытындысы бойынша өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі деңгейінде Оңтүстік Қазақстан облысы көшбасшы болып табылады. Оның көрсеткіші адам басына 88,1 мың долларды құраған. Ал Қарағанды облысындағы көрсеткіш 83,9 мың долларды құрады. Еңбек өнімділігінің ең төменгі көрсеткіші Қызылорда облысына тиесілі, бұл 13,6 мың долларға тең. Сондай-ақ, Ақмола облысының көрсеткіші 20,6 мың доллар, Қостанай облысының көрсеткіші 21,2 мың долларды құрады», - дейді министр.