Еңбек ресурстарына деген сұраныстың көбеюі өндіріс көлемінің ұлғаюмен ғана емес, тиімсіз жұмыспен қамтудың да орын алуымен байланысты болып отыр
bsp; Қазанның 18‑і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Еңбек ресурстарына деген сұраныстың көбеюі өндіріс көлемінің ұлғаюмен ғана емес, тиімсіз жұмыспен қамтудың да орын алуымен және біліктілігі жоқ арзан еңбек күшін пайдалану мүмкіндіктерімен де байланысты болып отыр. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Еңбек министрі Гүлшара Әбдіхалықова мәлім етті.
«Соңғы уақытта елімізде экономикалық белсенділіктің тұрақты өсу үрдісі анық байқалады. Мәселен, ағымдағы жылғы қазанның 1‑інде жұмыспен қамтылған халықтың саны 8 млн. 163 мың адамнан асты. Салыстырмалы түрде қарасақ, 2005 жылы - 7 млн. 260,9 мың, 2008 жылы - 7 млн. 832,1 мың адамды құраған болатын. Жұмыссыздық деңгейі де тұрақты түрде төмендеп келеді. Мысалы, 2005 жылғы бұл көрсеткіш 8,1 пайыз болса, 2008 жылы 6,6 пайызға, ал ағымдағы жылдың қыркүйегінде - 5,6 пайызға дейін азайған. Осы кезең ішінде жұмыссыздардың қатары 140 мыңнан астам адамға төмендеді», деді министр.
Дегенмен, министрдің айтуынша, еңбек ресурстарына деген сұраныстың көбеюі өндіріс көлемінің ұлғаюмен ғана емес, тиімсіз жұмыспен қамтудың да орын алуымен және біліктілігі жоқ арзан еңбек күшін пайдалану мүмкіндіктерімен де байланысты болып отыр. Мәселен, бүгінгі күні жұмыспен қамтылғандардың шамамен үштен бірінің ғана жалпы орта білімі бар көрінеді. Оның үстіне, азаматтарды кәсіптік даярлаудың ауқымы, құрылымы мен нысандары кәсіптік бөлініс тұрғысынан алғанда жұмыс күшіне деген сұраныстың да өзгеруіне сәйкес келмей отыр.
«Тиімсіз жұмыспен қамтудың және бір көрінісі, өзін өзі жұмыспен қамтыған халықтың үлес салмағының жоғары болуы әрі оның құрылымының да айрықшалылығы болып табылады. Елімізде жұмыспен қамтудың өңірлік саралануы әжептәуір орын алып отыр және халықтың шын мәнінде басқаруға келмейтін ішкі көші-қоны мен адамдардың еңбек ұтқырлығының төмендігі де бұл жағдайды қиындата түсуде. Шешілмеген проблемалардың орын алуы, еңбек нарығы мен еңбек ресурстарының сапасына Үдемелі индустриялық және инновациялық даму бағдарламасы қойып отырған жаңа талаптар еңбек нарығы мен жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты жаңартуды кезек күттірмейтін мәселеге айналдырды», - деді Г. Әбдіхалықова.