Еңбек шарты жасалғаннан кейін оның талаптарын өзгертуге бола ма

АСТАНА. KAZINFORM – Жұмыс беруші еңбек шарты жасалғаннан кейін оның талаптарын қызметкердің келісімінсіз өзгерте алмайды. Еңбек шартына енгізілетін өзгерістер тараптардың келісімімен рәсімделеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысының орынбасары Мұрат Шәкенов мәлімдеді.

Еңбек шартын тіркеуге қатысты жаңа талаптар мен жауапкершілік енгізіледі
Фото: Pixabay

Елордада өткен баспасөз конференциясында спикерден еңбек шарты жасалғаннан кейін оның талаптарын өзгертуге бола ма деген сұрақ қойылды.

– Иә, еңбек шартының талаптары қызметкермен келісу арқылы өзгертілуі мүмкін. Еңбек шартына енгізілетін өзгерістер қосымша келісімде көрсетіледі. Қосымша келісім еңбек шартының ажырамас бөлігі болып саналады, – деді Мұрат Шәкенов.

Оның айтуынша, қосымша келісімде қызметкердің жалақысының өсуі немесе жұмыс уақыты режимінің өзгеруі секілді жаңа талаптар жазылуы мүмкін.

Осылайша, еңбек қатынастары барысында бастапқы еңбек шартындағы талаптарды өзгерту қажеттілігі туындаса, тиісті өзгерістер тараптардың келісімі негізінде қосымша келісім арқылы рәсімделеді.

Айта кетейік, бұған дейін Еңбек министрлігі жұмысқа орналасу және бос жұмыс орындарын жариялау тәртібін түсіндірген еді.