Еңбек заңнамасын бұзғандарға салынатын айыппұл мөлшері өсе түседі - Еңбек министрлігі

АСТАНА.  26 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ағымдағы жартыжылдықта еңбек инспекциясы 29 мыңнан астам заң бұзушылықтарды анықтады.

Еңбек заңнамасын бұзғандарға салынатын айыппұл мөлшері өсе түседі - Еңбек министрлігі

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Отбасылық міндеттемелері бар ер және әйел еңбекшілерге тең қарау және тең мүмкіндіктер беру туралы 156-конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов осылай мәлім етті.

Депутаттар сауалына жауап бере келе, вице-министр қолданыстағы заңнамада еңбек заңдылығына қатысты жұмыс беруші лауазымды қыметкердің жауапкершілігі қарастырылғанын, алайда оның олқылығын мәлім етті. «Атап айтқанда, ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында біздің еңбек инспекцияларының тексерулері нәтижесінде 29 мыңнан астам заң бұзушылықтар орын алғаны анықталды. Бұлардың орын алу себебіне байланысты  біз 7 мың 800 ұйғарымдар беріп, 245 млн. теңгеге айыппұл салдық. Алайда, бұл бағытта әлі де туындап отырған сауалдар баршылық», - дейді Б. Нұрымбетов.

Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамада тек еңбек заңдылығына қатысты ғана жауапкершілік қарастырылып отыр. Яғни, ондағы нормалар айқындалып, нақтыланбаған. «Өкінішке қарай, айыппұл мөлшері де салмақты емес. Ірі кәсіпорындардың өзінде 5 айлық есептік көрсеткіштен 50 айлық есептік көрсеткіш арасында ғана. Сондықтан да, Президент тапсырмасына сәйкес, біз жұмыс тобын құрып, Әкімшілік кодекске өзгеріс енгізуді ұсынатын боламыз. Оның ішінде еңбек заңнамасының бұзылуына қатысты жауапкершіліктер нақтыланады. Атап айтқанда, еңбек құқығына залал келтіретін баптарды жеке-жеке бөліп көрсетіп, ондағы айыппұлдар мөлшері айқындалып қана қоймай, олардың мөлшерін арттыру да көзделеді», - дейді вице-министр.