Еңбек заңнамасын реформалап, еңбек даулары мен жанжалдарын шешетін тәуелсіз институт құру қажет - депутат С. Сәрсенов
АСТАНА. 31 мамыр. ҚазАқпарат - Еліміздегі еңбек заңнамасы реформаны қажет етеді. Сонымен қатар, еңбек даулары мен жанжалдарын шешетін тәуелсіз институт құру қажет.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Сағиятулла Сәрсенов осылай мәлім етті.
«Соңғы кездері еліміздің жер-жерінде орын алған әлеуметтік-еңбек дауларының салдары қазақстандық қоғамды дүр сілкіндіріп, көпшілікті ойға қалдырды. Мұндағы ең негізгі мәселе, біздің елімізде бүгінге дейін әлеуметтік-еңбек дауларының туындауы жайында бір жүйеге келтірілген зерттеулер болмауына келіп тіреледі. Ал, бұл әлеуметтік даулардың қайда, қалай және қашан туындауы мүмкін екендігі жөнінде нақты мәлімет алуға кедергі. Сол себептен ең бірінші кезекте өте жоғары деңгейде еңбек-әлеуметтік қатынастар мәселесі бойынша бүкілқазақстандық кешенді зерттеулерін жүргізу қажеттігі заман талабы», - дейді Сағиятулла Сәрсенов.
Оның пайымынша, Еңбек Кодексі бойынша ұжымдық келісім шарт жасауға мүмкін болса да, бірде-бір жұмыс беруші іс жүзінде қатардағы жұмысшылармен келісім шарттың бұл түрін жасамайды. Сондықтан, еңбек дауында бүкіл ұжымның мүддесі жатса да, заң бойынша жекелеген адамның мәселесі ретінде ғана қарастырылып отыр.
«Ең маңыздысы, Қазақстанның еңбек туралы заңнамасы реформаны қажет етеді. Еңбек даулары мен жанжалдарын шешетін тәуелсіз институт құру қажет. Бұл мәселеге баса назар аударатын кез жетті! Ол үшін әлемдік, әсіресе, еуропалық, солтүстік америкалықтардың тәжірибесіне неге сүйенбеске», - деген С. Сәрсенбаев, бірқатар еуропа мемлекеттеріндегі тәжірибені алға тартты. Мәселен, еуропа елдерінің басым көпшілігінде еңбек дауын шешумен айналысатын мемлекеттік деңгейде арнайы комиссиялар құрылған. Ұлыбританияда кеңес беру қызметі, Ирландияда еңбек қатынастары жөніндегі комиссия, ал Финляндияда әлемдік делдалдардың Ұлттық бюросы қызмет етеді.
«Аталмыш мысалдардың Қазақстанда да жүзеге асырылуына толық негіз бар. Себебі бүгінгі таңда мемлекетіміз әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі бойынша алдыңғы қатарлы дамыған елдер қатарына енді. Ендеше, еңбек қатынастары жөнінде де біз алдыңғы қатарлы елдер дәрежесінде болуымыз қажет», - дейді депутат.