Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі азаматтарды жеке қабылдады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов азаматтарды жеке қабылдады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі азаматтарды жеке қабылдады

Қабылдауға 8 адам келді, оның ішінде елорда, Көкшетау, Жезқазған және Қостанай қалаларының тұрғындары бар.

Азаматтар тағайындалған зейнетақы мөлшерін қайта есептеу, кәсіпорындағы өндірістегі жарақаттану, жұмысқа орналасу, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысу мәселелері бойынша сұрақтар қойды.

Барлығын қабылдаған Біржан Нұрымбетов азаматтардың ұсыныстарын мұқият тыңдап, барлық өтініштерге толыққанды жауап берді.

Министр қарауға қосымша уақыт талап ететін мәселелерді жеке бақылауына алды. Сондай-ақ Біржан Нұрымбетов Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті мен департаменттердің басшыларына азаматтардың жүгінген мәселелері бойынша қолданыстағы заңнама аясында шешуге көмектесуді тапсырды.