Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ішкі көші-қон мәселесін қоғамдық ұйымдармен бірлесіп реттемек
АСТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова мен «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Қожахметов ішкі көші-қонның құқықтары мен бостандықтарын сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Құжатқа қол қою барысында меморандумның мақсат-міндеттеріне тоқталған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықованың сөзіне қарағанда, министрлік қоғамдық ұйымдармен байланысты барынша жетілдіріп отыр. «Осы уақытта министрлік өкілдері мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелері бойынша қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, зерттеулер жүргізіп, қалыптасқан мәселені шешуге бағытталған арнайы бағдарламалар дайындауда. Сонымен қатар, зейнеткерлердің мәселелері де біздің басты назарымызда. Осы бағыттағы жұмыстардың ең үлкен әрі маңыздыларының бірі - көші-қонмен байланысты. Осы кезде ел Парламентінде көші-қонға қатысты жаңа заң қаралуда. Онда ішкі миграцияға қатысты ауқымды мәселелер қамтылған. Қазіргі таңда елімізде бір облыстан екінші облысқа немесе ауылдан қалаға демекші, көшіп-қону үдерісі ерекше жанданып тұр. Бұл мәселені жалғыз мемлекеттік органдардың толықтай реттеуі мүмкін емес. Сондықтан біз бүгін қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс жүргізгенді жөн санап отырмыз. Бүгінгі біздің қол қойғалы отырған құжатымыз осындай мәселелерді қамтиды», деді министр.