Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қосымша зейнетақы аударымдарын енгізуді ұсынды

Министрдің мәліметіне қарағанда, 2013 жылғы 1 қаңтарда міндетті кәсіптік зейнетақы жүйесіне қатысушылардың саны 4225 адамды құрайды. Олардың зейнетақы жинақтарының көлемі 133,9 млн. теңгені құраған. «Жалпы елімізде ерікті зейнетақы жинақтау жүйесі дамымай отыр және бұның ерекше жағдайда жұмыс істейтіндердің шығынын өтемейтінін айту керек. Осыған орай, міндетті зейнетақы жарнасына (10%) қоса, еңбекақы төлеу қорынан 5 пайыз көлемінде міндетті кәсіби жарна аударуды ұсынып отырмыз. Жұмыс берушілер міндетті кәсіби зейнетақы жарнасын зиянды деп танылған өндірісте еңбек ететіндер үшін ғана төлейді. Өндіріс түрлері мен зиянды кәсіптер тізімін Үкімет анықтайды. Соған орай, жұмыс берушілер міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасын Үкімет бекітетін және кезең-кезеңімен қаралатын зиянды кәсіптердің тізбесі бойынша аударатын болады», - деді министр. Оның сөзіне қарағанда, бұндай кәсіптік зейнетақы жүйесіне қатысушылар саны болжам бойынша 135 мың адамды құрамақ.