Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде жаңа кадрлық тағайындаулар болды

АСТАНА. 21 тамыз. ҚазАқпарат - ҚР Үкіметінің 2013 жылдың 19 тамызындағы №818 қаулысына сәйкес, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болып Жақыпова Светлана Қабыкенқызы тағайындалды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде жаңа кадрлық тағайындаулар болды

Жақыпова Светлана Қабыкенқызы 1968 жылы Қарағанды қаласында туды. 2001 - 2008 жылдары «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» РМКҚ Ақмола облыстық филиалының директоры; 2008 - 2011 жылдары Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік сақтандыру департаменті директорының міндетін атқарушы, директоры; 2011 - 2013 жылдары - «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Жобалау офисі бағдарламалар басшысы болып қызмет атқарды. 2013 жылғы 19 тамыздан бастап - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі.

2013 жылдың 19 тамызындағы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен Бисақаев Серікқали Ғұмарұлы «ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты» РМКК директоры болып тағайындалды.

Бисақаев Серікқали Ғұмарұлы 1951 жылы туған, қазақ, Батыс Қазақстан облысы Фурманов Қызыл партизан ауылының тумасы. Білімі жоғары.

1972 жылы В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын «Түсті металдар технологиясы» мамандығы бойынша тәмамдады, 1996-1997 жылдары Париж ұлттық жоғары мектебін (Франция) «Еңбек қауіпсіздігін сақтауда бақылауды ұйымдастыру» мамандығы бойынша оқып, халықаралық деңгейдегі дипломға ие болды.

2008 жылдың мамыр айынан бастап ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Бақылау және әлеуметтік қорғау комитеті төрағасының орынбасары - ҚР Бас мемлекеттік инспекторы.

2009 жылдың 17 сәуірінен Бақылау және әлеуметтік қорғау комитеті төрағасы - ҚР Бас мемлекеттік инспекторы.

Сонымен бірге ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2013 жылғы 19 тамыз күнгі Бұйрығы бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау комитеті төрағасы болып Сарбасов Ақмади Әділұлы, Көші-қон комитетінің төрағасы қызметіне Аманбаев Саламат Ермұханұлы тағайындалды.