Еңбекке қабілетті бірде-бір әйел жұмыссыз қалмауы тиіс - Гүлшара Әбдіқалықова
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысы, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Г.Н.Әбдіқалықованың төрағалығымен селекторлық режімде Астана, Алматы қалалары мен облыс әкімдерінің орынбасарлары, әкімдер жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағаларының қатысуымен кеңес өтті. Бұл туралы Ұлттық комиссия хатшылығынан хабарлады.
Кеңесте Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жұмысындағы Мемлекет басшысының «Нұрлы жол - Болашаққа бастар жол» Жолдауының негізгі ережелерін іске асыруға арналған 2015 жылдың негізгі бағыттары белгіленді.
Мемлекеттік хатшы кеңеске қатысушылардың назарын әйелдердің жұмыспен қамтылуы, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, әйелдер кәсіпкерлігіне қолдау көрсету мәселелеріне аударды. «Еңбекке қабілетті және жұмыс істеуге мүмкіндігі бар бірде-бір әйел жұмыссыз қалмауға тиіс!», - деді Гүлшара Әбдіқалықова. Г.Н. Әбдіқалықова Ассамблея жылы, Қазақстан Конституциясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы аясында өтетін барлық кәсіби мерекелерді, қоғамдық-бұқаралық іс-шараларды «Біздің күшіміз - бірлікте!» ұранын қолдана отырып, өткізуді қамтамасыз етуді тапсырды. Мемлекеттік хатшы өңір әкімдерінің орынбасарларына Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу аясында Президенттің Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне қолдау көрсету жөніндегі бастамаларын іске асыруды қамтамасыз етуді, соның ішінде әйелдерден шыққан соғыс ардагерлерінің, майдангерлер әйелдерінің, тылдағы еңбекші әйелдердің сіңірген еңбектерін атап өтуді тапсырды. Селекторлық кеңестің қорытындысы бойынша Мемлекеттік хатшы Г.Н.Әбдіқалықова бірқатар нақты тапсырмалар берді.