Еңбекқорлығы мен табандылығы оны жеңіске жетеледі – Александра Ленің анасы
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Пневматикалық винтовкамен 10 метрге нысана көздеуден аралас командалық сында Ислам Сәтпаев пен Александра Ле Париж Олимпиадасының қола жүлдесін жеңіп алды.

Бұл – Қазақстанның Париж Олимпиадасындағы алғашқы жүлдесі. Осыған орай Kazinform тілшісі Александра Ленің анасы Татьяна Копейкомен тілдесіп, мерген қыздың жеңісі туралы ой-пікірін білді.
Татьяна Копейко ең алдымен қазақстандық мергендерді жарысқа дайындаған жаттықтырушыларға алғыс айтты.
– Бойымды қуаныш сезімі кернеп барады. Балалар жүлдені жеңіп алды. Бұл – өте мықты команда. Жеңіске жаттықтырушылардың сіңірген еңбегі орасан. Ольга Вячеславовна – өте мықты, талапшыл бапкер. Ол кісіге шын жүректен алғыс айтамын, - деді ол.
Александра Ленің анасы қызының Парижге жақсы дайындықпен барып, жарыс алдында аса қатты уайымдамағанын атап өтті.

– Бір сәтке болса да дайындығын тоқтатқан емес. Тіпті жаттығуын бастамас бұрын маған: «анашым, мен жаттығуымды жасап, дайындалуым керек» деп айтатын. Менің қызым мақсатына жетпей тыным таппайды. Еңбекқорлығы мен табандылығы оны жеңіске жетеледі деп ойлаймын. Жарысқа қатысар кезде қатты уайымдаған жоқ, өзіне сенімді болды, - деді ол.
Татьяна Копейконың айтуынша, ол Александра нысана көздеу спортына барған сәттен бастап Олимпиадаға баруды армандаған.
– Александра 4-5 сыныпта оқып жүргенде осы спорт түрімен айналыса бастады. Бірінші жарыстарына шығып, үздік нәтиже көрсете бастағанда алғашқы бапкеріне «біз әлі Олимпиадаға барамыз» деп айтқаным бар. Бұл арманымыз орындалды, - деп қуанышын жеткізді Олимпиада жүлдегерінің анасы.
Еске сала кетейік, бұған дейін нысана көздеуден Париж Олимпиадасында ел қоржынына алғашқы жүлде түскенін жазған едік. Пневматикалық винтовкамен 10 метрге нысана көздеуден аралас командалық сында Ислам Сәтпаев пен Александра Ле Олимпиаданың қола жүлдесін жеңіп алды.