Enbek.kz: 86 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері Enbek.kz платформасында 495,7 мың бос жұмыс орны мен 609,3 мың түйіндеме орналастырылды. Оның ішінде 2026 жылғы мамыр айында жұмыс берушілер Электрондық еңбек биржасына 86,7 мың бос жұмыс орнын жарияласа, жұмыс іздеушілер 91,6 мың түйіндеме орналастырған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті.
Электрондық еңбек биржасында вакансиялар мен түйіндемелер бойынша жағдай төмендегідей:
-
2026 жылдың басынан бері Enbek.kz платформасында 495,7 мың бос жұмыс орны және 609,3 мың түйіндеме орналастырылды.
-
2026 жылғы мамырда жұмыс берушілер 86,7 мың бос жұмыс орнын жарияласа, жұмыс іздеушілер 91,6 мың түйіндеме орналастырған.
Салалық бөлініс
Ең көп сұраныс байқалған салалар:
- Білім беру – 14 мың бос жұмыс орны
- Қызмет көрсету саласы – 12,5 мың
- Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер – 8,6 мың
- Құрылыс – 8 мың
- Ауыл, орман және балық шаруашылығы – 7,5 мың
- Өңдеу өнеркәсібі – 6,9 мың
Өңірлік бөлініс
Ең көп бос орындар:
-
Астана қаласы – 8,3 мың
-
Павлодар облысы – 5,5 мың
-
Алматы қаласы – 5,2 мың
-
Түркістан облысы – 5,1 мың
-
Атырау облысы – 5 мың
Біліктілік деңгейі бойынша сұраныс
-
Орта біліктілік деңгейіндегі мамандар – 43%
-
Төмен біліктілік талап ететіндер – 31%
-
Жоғары білікті мамандар – 26%
Еңбек нарығындағы ұсынысқа келсек, мамырда 91,6 мың түйіндеме орналастырылды. Жұмыс іздеушілердің басым бөлігін 35 жасқа дейінгі азаматтарға тиесілі, олар барлық түйіндеменің 41%-ін құрайды. 35-44 жас аралығындағы үміткерлердің үлесі – 28%, 45-54 жас аралығындағылар – 20%, ал 55 жастан асқандар – 11%. Гендерлік құрам бойынша жұмыс іздеушілердің 52%-і әйелдер болса, 48%-і ер адамдар.
Біліктілік деңгейі бойынша түйіндемелер
-
Орта біліктілік – 40%
-
Жоғары білікті – 31%
-
Төмен біліктілік – 29%
Мамырда ең жоғары жалақы ұсынылған бос жұмыс орындарының қатарында тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс бастығының орынбасары (шамамен 1,45 млн теңге), ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі инженер (шамамен 1,23 млн теңге) және бас дәнекерлеуші (шамамен 1,24 млн теңге) бар.
Ал жұмыс іздеушілер арасында ең жоғары жалақы күткендер қатарында кеме капитаны лауазымына үміткерлер (шамамен 8,7 млн теңге), басшының орынбасары (шамамен 3,7 млн теңге) және ұшқыштар (шамамен 2,8 млн теңге) тіркелді.
Айта кетейік, Астанада жыл басынан бері 14 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды.