Еңбекмині айлығы 20%-ға өсетін мамандарды атады
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысы 20%-ға көтеріледі, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар — ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау мақсатында биыл азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысын орташа есеппен 20%-ға кезең-кезеңімен арттыру жалғастырылады.
— Жалақыны көтеру бухгалтерлер, экономистер, заңгерлер, мұрағатшылар, кітапханашылар, мұражайтанушылар, орманшылар, техникалық персонал және тағы басқа мамандықтар бойынша жұмыс істейтін 600 мыңға жуық азаматтық қызметшіге әсер етеді. Осылайша, 2022-2025 жылдар аралығында азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысы 2 есе ұлғаяды, — делінген министрлік хабарламасында.
Еске салсақ, осыған дейін жекеменшік және мемлекеттік колледж педагогтерінің жалақысы теңестірілетінін хабарладық.