Еңбекмин жұмыс берушілерде сақтандыру шартының бар-жоғын жаппай тексереді – фейк
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желілер мен мессенжерлерде 22 мамырдан бастап жұмыс берушілердің еңбек шартын Enbek.kz порталында тіркеуі және қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру шартының бар-жоғын тексереді деген хабар тарады. Еңбек министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл ретте Еңбек кодексі 23-бабы 2-тармағының 15-тармақшасына сәйкес жұмыс беруші қызметкерді еңбек міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыруға міндетті.
Бүгінгі таңда мұндай шарттарды заңды тұлғалардың жалпы санының 32,5% ғана жасаған.
Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 230-бабына сәйкес міндетті сақтандыру шартын жасаспау шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 160 АЕК (552 мың теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 400 АЕК (1 млн 380 мың теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1000 АЕК (3 млн 450 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау мақсатында «Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасы сақталуының тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары мен тексеру парақтарын бекіту туралы» бірлескен бұйрығына 2023 жылдың 2 мамырында өзгерістер енгізілді.
Өзгеріске сәйкес, профилактикалық тексеруге жататын жұмыс берушілердің тізбесін жасау мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінен алынған деректер негізінде автоматты режимде жүзеге асырылады.
Автоматтандыру кемшілік жіберген жосықсыз жұмыс берушілерді анықтауға мүмкіндік береді.
Бұл ретте өз қызметін заңнамаға сәйкес жүзеге асыратын жұмыс берушілер тексеруден өтпейді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес профилактикалық бақылау аясында жұмыс берушінің Еңбек кодексінің 23-бабы 2-тармағының 15-тармақшасын бұзғанын алғаш анықтаған кезде мемлекеттік еңбек инспекторлары ескерту жасайды және оны жоюға тиісті нұсқама береді, қайта анықтаған кезде – әкімшілік айыппұл салынады.
Бұдан басқа, Еңбек кодексі 23-бабы 2-тармағының 27-тармақшасына сәйкес жұмыс беруші қызметкермен еңбек шартын жасасу және тоқтату, оған енгізілетін өзгерістер және (немесе) еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне толықтыру туралы ақпаратты еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен hr.enbek.kz арқылы орналастыруға міндетті.