Еңбекпен қамту саласында тиімсіз жұмыспен қамту сақталып отыр

АСТАНА. 11 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Еңбекпен қамту саласында тиімсіз жұмыспен қамту сақталып отыр.

Еңбекпен қамту саласында тиімсіз жұмыспен қамту сақталып отыр

Бүгін ҚР Парламенті Сенатында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселелеріне арналған жүздесу барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова осылай мәлім етті.

«Елбасының жүктеген тапсырмаларына сәйкес, елімізде қолға алынып жатқан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселесінде бірқатар алға жылжушылық бар. Әлеуметтік жауапкершіліктің қазақстандық үлгісінің негізгі ерекшелігі мемлекеттік және азаматтық қоғамдастықтың өзара байланысы бойынша әлеуметтік проблемаларды шешу болып табылады. Жалпы, бизнесті жүргізудегі жинақталған тәжірибе әлі де жете мәнін ашуды талап етеді. Осы ретте әлеуметтік еңбек қатынастары бойынша орын алған проблемаларды оңтайлы шешу де өзекті. Бұл міндеттердің баршасы біздің еліміздің әлеуметтік-экономикалық жаңғырту міндеттеріне жатады», - деді Г. Әбдіқалықова.

Сонымен қатар министр аталған бағыттағы қордаланған проблемаларға да тоқталып өтті. «Біріншіден, бүгінгі күні еңбекпен қамту саласында тиімсіз жұмыспен қамту сақталып отыр. Еңбек ресурстарының сапасы төмен. Еңбек нарығында баланстың үйлесімсіздігі де байқалады. Бұндай проблемалардың барлығы еңбек өнімділігінің тым баяу өсіміне себеп бола алады. Өз кезегінде бұл құбылыс ұзақмерзімді экономикалық өсімге кедергі келтіреді. Осыған орай, аталған олқылықты жоюда Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының алатын орны ерекше», - деді Г. Әбдіқалықова.