Еңбекші мигранттар мен олардың отбасының құқықтық мәртебесі туралы келісім мақұлданды - Мәжіліс

АСТАНА. 18 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Еңбекші мигранттар мен олардың отбасының құқықтық мәртебесі туралы келісім мақұлданды - Мәжіліс

Қазақстан, Ресей мен Беларусь республикалары арасында жасалған аталмыш келісім көшіп-қонушы еңбекшілер мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесін айқындайды. Сондай-ақ, құжатта көшіп-қонушы еңбекшілердің еңбек қызметін жүзеге асыру тәртібі, оларды әлеуметтік қорғау мәселелері қамтылып отыр.

Келісімге сәйкес, көшіп-қонушы еңбекшілерді жұмысқа тартуға байланысты қызметті жұмысқа орналасатын мемлекеттің жұмыс берушілері ұлттық еңбек нарығын қорғау жөніндегі шектеулерді ескермей жүзеге асыратын болады. Көшіп-қонушы еңбекшінің жұмыс берушімен еңбек қатынастары жұмысқа орналасатын мемлекеттің заңнамасымен рәсімделеді.

Келісімге сәйкес, ұлттық қауіпсіздікті, оның ішінде стратегиялық маңызы бар экономика салаларында, қоғамдық тәртіпті, басқа да адамдардың имандылығын, денсаулығын, құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында көшіп-қонушы еңбекшілердің еңбек қызметіне, олардың кәсібінің түріне және болатын аумағына қатысты Тараптар мемлекетінің заңнамасында белгіленген шектеулерді көшіп-қонуші еңбекшілер мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтары мен бостандықтарын шектеу ретінде қарауға болмайды.

Келісімді іске асыру мақсатында тараптар бірқатар бағытта ынтымақтастықты дамытады. Атап айтқанда, сыртқы еңбек көші-қонын реттеу саласындағы саясатты келіседі, көшіп-қонушы еңбекшілердің еңбегін заңсыз пайдалануды болғызбау шараларын қамтиды.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.