Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасының моделі барлық емханаға енгізіледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасының моделі барлық емханаға енгізіледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасының моделі барлық емханаға енгізіледі

«Медициналық-санитарлық алғашқы көмек қызметінің негізгі және басты қағидаты - жалпы отбасыға қызмет көрсету. Бүгінде Қазақстанда дүниежүзілік озық тәжірибеге сәйкес медициналық-санитарлық алғашқы көмекті жалпы практика дәрігері, мейіргерлер, әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар, сондай-ақ басқа да мамандар көрсетеді. Бұл тұрғындарға бір мезетте медициналық, әлеуметтік, білім беру және тағы да басқа қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта барлық ауылдық өңірлерде медициналық-санитарлық алғашқы көмектің «Адамға бағдарланған тәсіл» үздік тәжірибесі табысты енгізілуде. Оның басым бағаттары инфекциялық емес ауруларды ерте анықтау, дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтына үйрету, қан айналым жүйесі аурулары кезінде шұғыл көмек көрсету, сондай-ақ медициналық қызметтер көрсету сапасын жақсарту үшін пациенттер мен халықпен тығыз қарым-қатынас орнату болып саналады. Мұндай озық тәсіл Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қарағанды және тағы басқа облыстарда тиімді енгізілген», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның дерегінше Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының көп салалы ауданаралық ауруханасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңіріне мүше 53 мемлекет үшін медициналық-санитарлық алғашқы көмектің үздік тәжірибесінің әлемдегі алғашқы демонстрациялық алаңы ашылды.

«Еңбекшіқазақ ауданы табысты нәтижелер көрсетіп отыр Мысалы, медициналық-санитарлық алғашқы көмек мейіргерлері мен әлеуметтік қызметкерлеріне көмек сұрап жүгінгендердің саны 100 есе, отбасылық дәрігерлерге жүгінгендердің саны 3 есе ұлғайды. Ал бейінді мамандарға жүгінгендердің саны 50 пайызға азайды. Бұл модель барлық емханаларда енгізілуде. Сонымен қатар емханаларда жұмыс жасайтын мейіргерлердің функциялары кеңейтілді. Олар рецепт жазудан, құжаттарды ресімдеуден басқа, созылмалы аурулары бар пациенттердің динамикаларын қадағалайды, пациенттердің проблемаларын шешуді жоспарлайды», - деді Ажар Ғиният.


Фото: ortcom.kz