Еңбекшілдер ауданына Біржан салдың атын беру жөніндегі шешім жүзеге асса игі - сенатор Ж. Ерғалиев

АСТАНА. 7 наурыз. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданына Біржан салдың атын беру жөніндегі облыстық мәслихат пен облыстық әкімдіктің шешімі жүзеге асса игі.
None
None

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Жабал Ерғалиев осы мәселені көтерді.

«Қазақ поэзиясы мен өнерінің тарихында Біржан салдың алатын орны ерекше. Даңқты халық композиторы, асқақ әнші әрі ақын Біржан салдың есімі мен тамаша туындылары біздің мәдениетіміздің сарқылмас асыл қазынасынан берік орын алды. «Біржан - қазақтың халықтық музыка мәдениетінің алыбы. Біржанның аты қазақ музыкасының тарихында алтынмен жазылады», - деп бағалаған болатын әйгілі өнер зерттеуші академик ғалым Ахмет Жұбанов. Мәдениетті қауымды Біржанның әншілігі, композиторлығы, ақындығы әлі күнге еріксіз сүйсінтіп келеді. Қазақтың әншілік өнерін, музыкасын Біржан сал жаңа белеске көтере білді», - дейді депутат Ж. Ерғалиев. Бұл ретте сенатор халық ықыласы мен пейілінің арқасында, көпшіліктің сұрауы бойынша Ақмола облысының Еңбекшілдер аудандық мәслихаты мен аудандық әкімдіктің 2003 жылғы 20 маусымдағы бірлескен қаулысымен Еңбекшілдер ауданына, Біржан салдың атын беру жөнінде ұйғарым жасалған болатын. Бұл шешімді Ақмола облыстық мәслихатының сессиясы мақұлдап, облыстық мәслихат пен облыстық 2003 жылғы 22 қазандағы №3 С-1-19 шешімі шығып, бұл құжат Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы мемлекеттік ономастика комиссиясына жіберілген.

«Біржан салға өз туған жерінің аумағында орналасқан ауданға халық композиторы мен әншісінің атын беру мәселесін Үкімет шешеді деген елдің сенімі әлі де суыған жоқ. Өңірге барған сапарларымызда аудан жұртшылығы осы мәселенің қашан шешілетіндігін сұраумен болады. Осыған орай, Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданына Біржан салдың атын беру жөніндегі облыстық мәслихат пен облыстық әкімдіктің 2003 жылғы шешімінің жүзеге асырылуына көңіл бөлінсе игі. Қазақ мәдениетінің алыбы Біржан салдың есімі, ел тарихы ұмыт болмасын, оған қамқор көзбен, ыстық сезіммен қарайық деген ниеттен туған ой еді бұл!», - деді Ж. Ерғалиев.

Соңғы жаңалықтар