Еңбекшілердің 76,6 пайызы 2009-2011 жылдарға арналған Бас келісімнен хабарсыз
Ы. Қарашаның 9-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Еңбекшілердің 76,6 пайызы Үкімет, жұмыс берушілер мен жұмысшылардың республикалық бірлестіктері арасындағы 2009-2011 жылдарға арналған Бас келісімнің мазмұнынан хабарсыз.
Бұл бүгін Алматыда өткен «Әлемдік қаржылық дағдарыс жағдайындағы Үкімет, Кәсіподақ федерациясы және Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының арасындағы Үшжақты келісім. Жұмыс орнын сақтап қалу меморандумын жүзеге асыруды бағалау» деп аталатын республикалық конференцияда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстандағы еңбек қатынастары мен еңбекшілер құқын қорғау мәселелері бойынша Астана, Алматы қалалары мен Оңтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында қоғамдық пікірге әлеуметтік зерттеу жүргізген едік. Қазанның 9-ына дейін сауалнамалардың 87 пайызы талданды. Алдын ала қорытындыларға қарағанда, сауалнамаға қатысқандардың 60 пайызын - әйелдер, 40 пайызын ерлер құрап отыр. Сұралғандардың 26,6 пайызы өз мамандықтары бойынша жұмыс жасамайды және 66,7 пайызы қосымша жұмысқа мұқтаж», дейді «Әріптес» үкіметтік емес ұйымдардың Алматы конфедерациясының төрайымы Ләйла Ахметова. Оның айтуынша, еңбекшілердің 50 пайызы өз жұмысына көңілі толатынын, 20 пайызы көңілі толмайтынын, 20 пайызы айтуға қиналатынын жеткізген. 46,7 пайызы жұмыс орнын ауыстырудың басты себебі жалақының аздығынан орын алады деп санайды.