Енді елімізде жылжымайтын мүлікті алып-сатуды онлайн рәсімдеуге болады
АСТАНА. KAZINFORM – Әділет министрлігі нотариустардың жылжымайтын мүлікті сату және сатып алу мәмілелерін онлайн-ресімдеу бойынша пилоттық жобаны іске асыру туралы бұйрықтың жобасын әзірледі. Құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Жаңашылдықтың арқасында қазақстандықтар жылжымайтын мүлікті онлайн сатып алу және сату бойынша нотариаттық мәмілелерді нотариусқа бармай-ақ ресімдей алады.
Процесті автоматтандырудағы мақсат – бюрократияны жою және нотариаттық қызметті цифрландыру.
Бұйрыққа сәйкес, мәмілеге қатысушылардың Астана, Алматы қалаларында орналасқан жылжымайтын мүлік объектілері бойынша банк платформасы арқылы нотариустардың жылжымайтын мүлікті онлайн режимінде сатып алу-сату мәмілесін онлайн-ресімдеу мүмкіндігі бар.
Шарттары:
* Мәмілеге қатысушылар пилоттық жобаға қатысқаны туралы хабардар етіледі;
* Мәмілеге Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады;
* Мәмілеге 18 бен 63 жас аралығындағы адамдар ғана қатыса алады;
* Мәміле процесіне барлық меншік иелері қатысуы тиіс, оның ішінде заңды некеде болған жағдайда ерлі-зайыптылардың екеуінің де міндетті қатысуы талап етіледі;
* Астана және Алматы қаласында тұрғын үйдің қайталама нарығында жылжымайтын мүлікпен мәміле жасау;
* Сатушыдан кейін иеліктен шығарылатын жылжымайтын мүлікке құқықтық нотариаттық тәртіппен ресімделген мәміле негізінде (2015 жылдан бастап) тек электрондық форматта ресімделуге тиіс;
* Құны 70 000 000 теңгеден аспайтын тұрғын үйдің қайталама нарығында жылжымайтын мүлікпен мәміле жасау;
* Жылжымайтын мүліктің меншік иесі мәміле жасау сәтінде алаяқтық әрекеттердіңалдын алу үшін Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе тарапынан мәміле мәртебесін беру жөніндегі сервис арқылы Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры мәліметтерді сұрау жолымен жылжымайтын мүлік объектісінің мәртебесін тексеру жүргізіледі.
Құжат жобасы 2025 жылдың 23 қаңтарына дейін қоғамдық талқылауға ұсынылып отыр.
Осыған дейін желтоқсан айында тұрғын үй бағасы қалай құбылғанын жаздық.
https://kaz.inform.kz/news/zheltoksanda-turgin-uyd-satip-alu-satu-korsetksh-323-ga-osken-a024ff/