Енді кейбір салық төлеушілер ЭШФ жүйесіне биометрия арқылы кіреді
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік кірістер комитеті тәуекелі бар салық төлеушілер үшін биометриялық сәйкестендіруді енгізді.
Ведомство мәлім еткендей, цифрлық технологиялар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Бүгінде биометриялық сәйкестендіру мемлекеттік қызметтерді алу кезінде және банк саласында кеңінен қолданылып, дербес деректердің сенімді қорғалуын қамтамасыз етеді әрі алаяқтық тәуекелдерін төмендетеді.
ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті салықтық әкімшілендірудің ашықтығын, қауіпсіздігін және тиімділігін арттыруға бағытталған заманауи цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізіп келеді.
2024 жылғы ақпаннан бастап «Электрондық шот-фактуралар» (ЭШФ) ақпараттық жүйесінде тәуекел санатына жатқызылған салық төлеушілер үшін биометриялық сәйкестендіру пилоттық режимде қолданылды. Пилоттық жоба 2025 жылдың соңында аяқталып, аталған тетіктің тиімділігін растады.
— Осыған байланысты 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексінде салықтық әкімшілендіру шеңберінде биометриялық сәйкестендіруді қолдану мүмкіндігі көзделген. Биометриялық сәйкестендіруді пайдалану қызметіне олардың басшылары іс жүзінде бақылау жасамайтын компаниялардың жалған электрондық шот-фактураларды рәсімдеу тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл көлеңкелі айналымды қысқартуға, салықтық процестердің ашықтығын арттыруға және адал бизнесті жосықсыз контрагенттермен өзара іс-қимыл жасаудан қорғауға ықпал етеді, — дейді мамандар.
Сәйкестендіру рәсімі барынша қарапайым әрі ыңғайлы. Компаниялардың басшылары оны компьютер арқылы «ЭШФ» ақпараттық жүйесінде немесе мобильді қосымша арқылы өте алады. Сәйкестендіру пайдаланушының орналасқан жеріне қарамастан, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерде де қолжетімді.
Биометриялық сәйкестендіру тәуекел белгілері бар салық төлеушілерге ғана қолданылатынын айта кету қажет, . Адал салық төлеушілердің басым бөлігі үшін «ЭШФ» ақпараттық жүйесімен жұмыс істеу тәртібі өзгеріссіз қалады.
Бұған дейін ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин министрлік Салық кодексіне жаңа түзетулер дайындалып жатқанын мәлімдеді.