Енді шағын әуежайларға берілетін субсидиялар цифрлық есепке алынады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда коммуналдық меншіктегі әуежайларды субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілді. 

аэропорт Алматы
Фото: Алматы әуежайы

Көлік министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 16 қыркүйектегі № 254 бұйрығымен жаңа нормалар бекітілді.

Өзгерістер жылына 200 мыңнан аз жолаушыға қызмет көрсететін және операциялық шығындарын жабуға жеткілікті кірісі жоқ әуежайларға қатысты.

Жаңа қағидаларға сәйкес, әуежай операторы күнтізбелік жыл ішінде субсидия алу үшін ай сайын жергілікті атқарушы органға өтінім беруге тиіс.

Құжаттарды тиісті жылдың алғашқы жұмыс күнінен бастап 10 желтоқсанға дейін қағаз немесе цифрлық форматта тапсыруға болады.

Жергілікті атқарушы орган түскен өтінімдер мен құжаттарды қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде олардың толықтығын және белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді.

Егер құжаттар топтамасы толық болмаса, өтінім әуежайға қайтарылып, оның себептері көрсетіледі. Бұл туралы хабарлама да бес жұмыс күні ішінде қағаз немесе цифрлық форматта жіберіледі. Кемшіліктер түзетілгеннен кейін әуежай өтінімді қайта бере алады.

Сонымен қатар, қағидаларға тізілімді жүргізуге техникалық қолдау көрсетуге қатысты нормалар енгізілді. Бұл жұмысты бюджетті атқару саласындағы орталық уәкілетті орган айқындайтын, жалғыз акционері мемлекет саналатын заңды тұлға жүзеге асырады.

Мемлекеттік қолдау шараларының пайдаланылуын мониторингтеуге арналған техникалық сүйемелдеу екі деңгейлі жүйе арқылы жүргізіледі. Бірінші деңгейде салалық цифрлық жүйелермен интеграцияланған тіркеу жүйесі жұмыс істейді. Екінші деңгейде өтінімдер қабылданып, өңделетін мемлекеттік немесе мемлекеттік емес цифрлық жүйелер қарастырылған.

Сондай-ақ әкімшілік акт қабылданғанға дейін әкімшілік рәсімге қатысушыға әкімшілік іс бойынша алдын ала шешімге қатысты өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік беретін тәртіп енгізілді.

Бұйрық алғаш рет ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енеді.

Бұған дейін елорданың халықаралық әуежайы телескопиялық басқышты (жылжымалы жабық дәліз-көпір) пайдалана отырып, ішкі рейстерде жолаушыларды отырғыз және түсіру қызметіне шекті бағаны көтеруге ниетті екенін жаздық.