Енді сот сараптамасының құны қалай есептеледі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Әділет министрлігі сот сараптамасының құнын есептеу тәртібін жаңартты. Тиісті бұйрық 2026 жылғы 21 қыркүйекте қабылданды.

Енді сот сараптамасының құны қалай есептеледі
Фото: Kazinform/ЖИ

Жаңа қағидалар мемлекеттік сот сараптамасы органдары мен жеке сот сарапшылары жүргізетін сараптаманың құнын есептеу тәртібін белгілейді.

Сараптама құнын есептегенде оның түрі мен күрделілік санатына қарай белгіленген уақыт нормативі негізге алынады.

Мемлекеттік сот сараптамасы органдарында сараптама құны бірнеше шығыннан құралады. Оған сарапшының еңбекақысы мен соған байланысты аударымдар, материалдық және әкімшілік-шаруашылық шығындар кіреді.

Сарапшының еңбекақысы сараптама жүргізуге белгіленген уақыт нормативін орташа сағаттық тарифтік мөлшерлемеге көбейту арқылы есептеледі. Ал аударымдар еңбекақы шығындары негізінде, белгіленген салықтар мен міндетті төлемдер ескеріле отырып есептеледі.

Материалдық шығындарға химиялық реактивтер, шығыс материалдары, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың стандартты үлгілері, сондай-ақ тиісті әдістемелер мен шығыс нормаларында көзделген өзге де материалдар жатады.

Елімізде сот сараптамасының жаңа түрі пайда болмақ
Фото: stock.adobe.com

Әкімшілік-шаруашылық шығындарға коммуналдық қызметтер, ғимараттар мен үй-жайларды, инженерлік инфрақұрылымды күтіп ұстау, жабдықтарды пайдалану, негізгі құралдар мен материалдық емес активтердің амортизациясы, сондай-ақ әкімшілік-басқару персоналының қызметін қамтамасыз ету шығыстары кіреді.

Бұл шығындар сараптамалар арасында уақыт нормативтеріне сай немесе есептік кезеңде жүргізілген сараптамалардың жалпы санына қарай бөлінеді.

Мемлекеттік сот сараптамасы органы сарапшысының қорытындысына жүргізілген зерттеу құнының есебі қоса берілуге тиіс.

Жеке сот сарапшылары үшін бөлек тәртіп белгіленген. Ол сараптама бюджет қаражаты есебінен төленетін жағдайда қолданылады. Ал шығындар тараптарға жүктелсе, сараптама құны шарт негізінде айқындалады.

Бюджет қаражаты есебінен төленетін жағдайда жеке сот сарапшысы жүргізетін сараптаманың құны уақыт нормативі, сарапшының сыйақы мөлшерлемесі және нақты зерттеуге тікелей байланысты, құжатпен расталған шығындар ескеріле отырып есептеледі.

Мұндай шығындарға материалдық шығындар, коммуналдық қызмет, байланыс пен үй-жайды жалға алу ақысы секілді ілеспе шығыстар, сондай-ақ сараптама кезінде пайдаланылатын негізгі құралдар мен материалдық емес активтер бойынша амортизациялық аударымдар жатады.

Құжатта нақты сот сараптамасын жүргізуге тікелей қатысы жоқ шығындарды оның құнына қосуға болмайтыны да көрсетілген. Барлық мәлімделген шығын тиісті құжаттармен расталуға тиіс.

Егер сараптама жүргізу кезінде арнайы жабдық, зертханалық зерттеулер, мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз ету немесе шығыс материалдары пайдаланылса, соған байланысты шығындар да құжатпен расталған шығындарға жатқызылады.

судебная экспетиза
Фото: Kazinform/ЖИ

Зерттеуге бірнеше дербес нысан ұсынылса немесе қойылған сұрақтар әртүрлі сараптама түріне қатысты болса, құн әр нысан немесе тиісті зерттеу түрі бойынша белгіленген уақыт нормативі ескеріле отырып есептеледі.

Құн есебі жеке сот сарапшысының қорытындысына да қоса берілуге тиіс.

Қосымша сараптаманың құны қосымша зерттеу көлеміне, қойылған сұрақтар санына және оларды шешуге қажет уақытқа қарай айқындалады. Қайталама сараптама жалпы тәртіппен төленеді.

Комиссиялық немесе кешенді сараптама кезінде құн уақыт нормативіне, күрделілік санатына, зерттеу нысандарының саны мен материалдардың көлеміне, тартылған сарапшылар санына, сондай-ақ құжатпен расталған шығындарға байланысты болады.

Жаңа қағидалар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі мен Қылмыстық-процестік кодексіне тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін күшіне енеді.

Бұған дейін Қазақстанда сот сараптамасы саласында мәйітті компьютерлік томография арқылы зерттейтін виртуалды аутопсия жобасы жыл соңына дейін іске қосылатыны хабарланған еді.