Енді ҰБТ сертификатымен Малайзия ЖОО-ларына түсуге болады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның ҰБТ сертификаты Малайзияның Жоғары білім министрлігі тарапынан ресми түрде танылып, ел университеттерінің бакалавриат бағдарламаларына қабылдау кезінде ұсынылатын құжаттар тізіміне енгізілді.

Енді ҰБТ сертификатымен Малайзия ЖОО-ларына түсуге болады
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл қазақстандық талапкерлердің академиялық даярлығын бағалау жүйесінің халықаралық деңгейде мойындалуының маңызды көрсеткіші болды.

Енді қазақстандық түлектер Малайзияның бірқатар университетіне міндетті Foundation даярлық бағдарламасын өтпей-ақ, ҰБТ сертификаты арқылы оқуға түсе алады. Сонымен қатар ағылшын тілінде оқытылатын білім беру бағдарламаларына түсу үшін IELTS, TOEFL немесе баламалы сертификаттар арқылы ағылшын тілін меңгеру деңгейін растау талаптары сақталады.

— Малайзия университеттері ҰБТ бойынша ең төменгі өту балдарын, сондай-ақ қабылдаудың қосымша талаптарын дербес айқындайды. Таңдалған білім беру бағдарламасына байланысты талапкерлерден ішкі емтихан тапсыру, сұхбаттан өту, портфолио ұсыну немесе даярлық курстарынан өту талап етілуі мүмкін. Осыған байланысты Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлерге нақты университет пен білім беру бағдарламасының талаптарын алдын ала мұқият зерделеуді ұсынады, — делінген хабарламада.

ҰБТ сертификатының халықаралық деңгейде танылуы қазақстандық білімді бағалау жүйесінің заманауи академиялық стандарттарға сәйкестігін дәлелдейді және отандық түлектер үшін білім алу мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Бүгінде ҰБТ нәтижелері тек Қазақстан жоғары оқу орындарына түсу үшін ғана емес, сонымен қатар Азия елдері мен басқа да халықаралық білім беру бағыттарындағы шетелдік университеттерге құжат тапсыру кезінде де ескеріліп келеді.

Сонымен қатар қазіргі уақытта ETS ұйымымен бірлесіп әзірленіп жатқан Admissions Insight Test (AIT) атты жаңа форматтағы қабылдау емтиханын енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа емтихан халықаралық тестілеу тәжірибесіне сәйкес талапкерлердің академиялық және аналитикалық дағдыларын бағалауға бағытталады. Болашақта AIT емтиханының да халықаралық білім беру қауымдастығы мен шетелдік университеттер тарапынан кеңінен мойындалуы жоспарланып отыр.

Осыған дейін елімізде ҰБТ жүйесі жаңғыртылып, педагогикаға түсу тәртібі өзгеретінін жазғанбыз.