Енді Үшарал–Достық тасжолында жүргізушілерді лазер сүйемелдейді
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа жүйе автожолдың 13-шақырымында іске қосылды. Оның негізгі мақсаты — жол-көлік оқиғаларының алдын алу, сондай-ақ, әсіресе, көріну деңгейі төмен жағдайларда жүргізушілердің зейінін арттыру, деп хабарлайды Жетісу облысы ПД баспасөз қызметі.
Жетісу облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған заманауи шешімдерді енгізу жалғасып жатыр. Осындай бастамалардың бірі — Үшарал–Достық бағытындағы республикалық маңызы бар автожолда лазерлік сүйемелдеу технологиясын қолдану.
Жол жабынына проекцияланатын лазерлік сызықтар айқын визуалды бағдар беріп, жүргізушілерге өз жолағын дұрыс ұстауға және ұзақ жолда назарын жоғалтпауға көмектеседі.
Аталған технология әсіресе түнгі уақытта тиімділігін көрсетеді. Лазер сәулесінің айқын түсі жүргізушінің шаршауын азайтып, рөлде қалғып кету қаупін төмендетеді — бұл қала сыртындағы жолдарда жиі кездесетін қауіпті факторлардың бірі.
Полицияда атап өткендей, мұндай шешімдерді енгізу — жол-көлік оқиғаларын азайту және жүргізу мәдениетін арттыру бойынша жүйелі жұмыстың бір бөлігі.
— Жолдағы қауіпсіздік — бұл тек бақылау мен жауапкершілік қана емес, сонымен қатар заманауи технологияларды енгізу, — дейді тәртіп сақшылары.
Осыдан бұрын Жетісуда мал ұрлағандар көлігінен айырылып жатқанын жазғанбыз.