Енді Астанада азық-түлік жәрмеңкесі күнде өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұрын сенбі-жексенбі күндері ғана өтетін Астанадағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі енді күн сайын өтеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің брифингісінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукин мәлім етті.

Енді Астанада азық-түлік жәрмеңкесі күнде өтеді

«Әлеуметтік маңызды азық-түліктің бағасы қымбаттаған соң, әкімдік бірқатар шараларды  қолға алып отыр. Біріншіден, қала әкімі тапсырма беріп, қалада  өтетін апта сайынғы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі енді күн сайын өтетін болды», - деп хабарлады ол. 
Әкім орынбасары хабарлағандай, осыған дейін Астанада 39 жәрмеңке өткен, ол жәрмеңкелерде 336 тонна өнім нарықтағы бағадан 10-15 пайызға арзан сатылған екен. «Екіншіден, жәрмеңкелер өтетін орындарды көбейттік. Енді Астананың алты ауданында жәрмеңке өткізу үшін орындар белгіленді», - деп хабарлады А.Лукин. 
Сондай-ақ, Астанаға өңірлерден тауар жеткізушілердің кестесін белгіленіп отыр. Қазір Қазақстанның сегіз өңірінен Астанаға азық-түлік тауарлары тікелей келеді деген келісімге қол жеткен. 
Естеріңізге сала кетейік, елорда әкімі Әсет Исекешевтің тапсырмасы бойынша, Астана әкімдігінің жанына азық-түілік бағасын тұрақтандыру үшін жедел штаб құрылған. Штабты қала әкімінің орынбасары Андрей Лукин басқарады.