Енді айыпталушының өтінішіне қарамастан адвокат тергеудің барлық процесіне қатыса алады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Адвокаттар айыпталушының заңды мүддесін қамтитын барлық тергеу және өзге де процестік әрекеттерге қатысуға жіберіледі. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының бастамасымен өзгеріс енгізілуі мүмкін ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің жаңа редакциясында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Енді айыпталушының өтінішіне қарамастан адвокат тергеудің барлық процесіне қатыса алады

«Қылмыстық процесті жүргізетін органдар мен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамдар адвокатты алдын ала хабардар етуге және қорғалатын адамның өзінің қатысуына және өзі мәлімдеген өтінішхаттарға қарамастан, өзінің қорғауындағы адамның құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын барлық тергеу және өзге де процестік әрекеттерге қатысуға жіберуге міндетті», - делінген Қылмыстық-процестік кодекстің жаңа редакциясында.

Кодекстің қолданыстағы талабында мұндай норма жоқ. Депутаттардың пікірінше, осы ереженің болмауы айыпталушының мүддесін қорғайтын маманның кәсіби қызметіне шектеу болып отыр.