Енді елімізде жол әр аймақтың климатын ескере отырып салынады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде жол салуға қатысты 2025 жылға дейін жаңа нормативтік құжат қабылданады. Бұл туралы ҚР ИИДМ автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде отандық автожол саласында 1200-ден астам стандарт пен норматив бар. Оның ішінде Кеңес одағы кезінен келе жатқан нормативтік құжаттар да кездеседі. Осы орайда министрлік нормативтік базаны қайта қарап жатыр. Алдағы уақытта ұлттық стандартты әзірлеу кезінде ғылыми және зертханалық зерттеулердің қорытындылары, тәжірибелер мен ұзақ мерзімді мониторингі нәтижелері ескерілетін болады», - деді Төлеген Абдуллин орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Комитет басшысының мәліметінше, «Қазжол» ғылыми-зерттеу институты жол саласына қатысты нормативтік-техникалық құжаттардың бірыңғай жүйесін жасап жатыр.

«Жаңа норма шамамен 50-70 ұлттық стандарт пен нормативті-техникалық құжатты қамтиды. Аталған нормативті құжаттар 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен енгізіледі. Жол салуды жобалау кезінде әр аймақтың климаттық жағдайы, ауа температурасы мен көлік қозғалысы қарқыны ескеріледі. Осы орайда Superpave технологиясы эксплуатациялық сипаттамаларды арттыруға мүмкіндік бермек. Қазір бізде тек 3 климаттық аймақ ескеріледі. Ал Superpave технологиясында 10-15 климаттық аймақ қарастырылған», - дейді министрлік өкілі.

Спикердің сөзінше, еліміздің әр өңірі үшін бөлек асфальтбетон қоспалары, битум және қиыршық тас құрамы жасалады.


Соңғы жаңалықтар