«Енді мектептер үштілді болады» - баспасөзге шолу
АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 10 желтоқсан, сейсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» басылымында «Тараздағы тамаша турнир қазақ күресінің абыройын асқақтатты» деген көлемді мақала басылды. Өткен сенбі күні «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы және Жамбыл облысының әкімдігі қазақ күресінен алғаш рет «Еуразия барысы» халықаралық турнирін өткізді. Сәулеті мен дәулеті жарасқан еліміздегі ең көне шаһар - Тараз қаласында жалау көтерген жарысқа Моңғолия, Түркия, Иран, Тәжікстан, Польша, Ресей және Қытай балуандары қатысты. Турнир өте жоғары деңгейде өтті. Ең бастысы, ол ата-бабаларымыздан аманат болып қалған қазақ күресі десе делебесі қозатын жанкүйерлердің көңілінен шықты. Турнир идеясының авторы, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қорының төрағасы, республикалық Қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораевтың айтуынша, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры «Еуразия барысын» өткізуге бас демеуші болып, жарысты өткіземіз деген күннен бастап барлық жағдайды жасаған.
Сондай-ақ, «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Ауғанстан Ислам Республикасы Парламенті Волеси Джиргасының вице-спикері Мохаммед Сальджук бастаған ауғанстандық парламент делегациясын қабылдады.
Тараптар парламентаралық өзара іс-қимыл басымдықтарын талқылай келіп, салалық комитеттер мен ынтымақтастық жөніндегі топтар арасындағы байланыс қарқынын арттыру екіжақты қарым-қатынастың одан әрі нығаюына жол ашатынын тілге тиек етті. Әсіресе, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға баса назар аударылды.
***
«Өткен жексенбіде айтыссүйер қауым Тәуелсіздік күніне арналған республикалық ақындар айтысына жиналды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті және «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өткен «Жырың болып төгілемін, елім» атты айтыста ақындар «Алтын домбыра» үшін сөз сайыстырды. Былтырғыдан бір ерекшелігі, биыл «Алтын домбыраны» қарауыл күзеткен жоқ. Бір жыл бойы ұлттық мұражайда сақталған домбыраны сахнаға былтырғы жеңімпаз Мұхтар Ниязов алып шықты. Одан кейін шай құятын қыздар бағалы сыйлықты сахна сыртына қарай алып кетті. Биылғы айтысқа қатысатын айтыскерлер арнайы рейтингпен іріктеліпті»,-деп жазады «Айқын» басылымы бүгінгі санындағы «Алтын домбыра» - Жандарбекте» деген мақаласында. www.kazaitys.kz сайты былтырғы 9 желтоқсандағы «Біздің ел осындай» атты айтысынан бүгінге дейін бір жыл ішінде өткен республикалық айтыстарда бас жүлде алған ақындар арасында рейтинг түзіп, алғашқы ондыққа кіргендерін іріктеп берген. Сөйтіп, бұл айтысқа Балғынбек Имашев, Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамысова, Бекарыс Шойбеков, Мұхтар Ниязов, Жандарбек Бұлғақов, Жақсылық Орынбасар, Нұрмат Мансұров, Дидар Қамиев, Қанат Мырзахан қатысты. Бұл айтысқа жазушы, Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл бастаған қазылар төрелік етті.
Сонымен қатар осы басылымда «Енді мектептер үштілді болады» деген мақала жарияланды. Кеше «Үкімет сағаты» аясында парламентарийлер алдында есеп берген БҒМ-ның жаңа басшысы А.Сәрінжіпов өзі дәл осы лауазымға тұрғаннан кейін ғана баласына балабақшадан орын табылғанын ашық айтты. Депутаттар мектепке дейінгі тәрбие ұйымдарына «блатсыз» баланы тұрғызу қиындап кеткенін алға тартқан болатын. Министр елімізде, әсіресе, Астанада бүлдіршіндерге арналған әлгі мекемелерде орын жетіспеушілігі мәселесінің «өте өткір» тұрғанын растады.
- Менің өзім әкемін. Біз 3,5 жыл бойы орын кезегінде тұрдық! Бірақ шүкіршілік, жақында бұл мәселем шешілді. Мен министр болып тағайындала салысымен, бір орынға қол жеткіздік, - деген БҒМ басшысы: «Менің бұл қызметімнің сондай артықшылығы бар» деген әзілді қосты.
***
«Жас қазақ» газетінің соңғы санында «Баспана түйткілі» деген мақала көпшілік назарына ұсынылды. «Тұрғын үй бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі екені анық. Мұны мемлекет те мойындап отыр. Жер аумағы бойынша әлемнің тоғызыншы мемлекеті саналатын және дүние жүзіне мұнайлы ел ретінде танылған еліміздің бар-жоғы 17 миллион халқын тұтастай баспанамен қамтамасыз ете алмауын саналы ақыл-оймен түсіндіру өте қиын»,-деп жазады мақала авторы.
Қолжетімді баспананың қолжетімсіз болуының негізгі екі себебі бар:
Бірінші себеп, мемлекеттің тұрғын үймен қамтамасыз ету шараларының тиімсіздігі. Екінші себеп, тұрғын үй бағасының шамадан тыс қымбат болуы.