Енді Нидерландыда пәранжа киюге тыйым салынбақ
Вильдерс бұл мәлімдемені жаңа үкіметті құру туралы партиялық келіссөздің қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында мәлім етті. Қол жеткізілген ішкі саяси келісімдерге түсіндірме берген депутат, жаңа үкіметтің пәранжа киюге тыйым салумен қоса, Нидерландыға иммигранттардың ағылуын қатаң шектеуді жоспарлап отырғанын мәлім етті.
Естеріңізге сала кетейік, жақында Францияда пәранжаға салынған тыйым күшіне енеді. Қыркүйектің 14-інде француз Сенаты мұсылман әйелдерге көпшілік орындарда пәранжа, шадра, никаб сияқты бүркемелер киюге тыйым салатын заң жобасын бірауыздан қабылдады. Бұл тыйым алты айдан кейін күшіне енбек.
Италияда 1975 жылдан бері адамдарға қоғамдық орындарда беттерін пәранжамен немесе мотоцикл шлемімен бүркемелеуге тыйым салатын заң бар. Ал сәуірдің 29-ында Италиядан үлгі алған Бельгияның Өкілдер палатасы адамның бетін көруге мүмкіндік бермейтін кез-келген киімге тыйым салу туралы заң жобасын мақұлдады.